Жаңалықтар

Қазақстанда банк депозиттерінің орташа сыйақы мөлшерлемесі 13,9%-ға жетті

Фото: kursiv.media

Биыл сәуірде жеке тұлғалар депозиттерінің орташа сыйақы мөлшерлемесі рекордтық 13,9%-ға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 10,6% болса, 2021 жылдың аяғында ол небәрі 8%-ды құраған, деп жазады finprom.kz.

Дегенмен, бұл орташа мөлшерлеме бірқатар ірі банкте әлдеқайда жоғары және тартымды: мысалы, ForteBank пен Halyq Bank депозит мөлшерлемесі 17% болса , Jusan Bank мөлшерлемесі – 16,8%. Мұндай мөлшерлеме қазіргі инфляциядан асып түседі және жинақ қаражатты сақтап, көбейтеді.

Депозит көлемін өңірлер бойынша қарастыратын болсақ, абсолют көшбасшы – Алматы қаласы: қала тұрғындарының депозитінде 11,8 трлн теңге жиналған. Одан кейін Астана келеді: 5,4 трлн теңге.

Екінші деңгейлі банктердегі депозиттер көлемі бойынша үздік 5 өңір қатарына Қарағанды облысы (1,1 трлн теңге), Шымкент (876,1 млрд теңге) және Қостанай облысы (815,7 млрд теңге) кірді. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау мен Жетісу (бұл облыстардың құрылғанына көп болған жоқ), сондай-ақ Түркістан облысына тиесілі.

Жалпы, биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша, ҚР ЕДБ-дегі депозиттер 26,7 трлн теңгеге жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17% көп . Ал бес жыл ішінде сома бірден 80% өсті.

Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, бұл пайыздық мөлшерлеменің өсуі, екіншіден, салымшылар тарапынан банктерге деген сенімнің артуы, үшіншіден, ірі банктерінің тұрақтылығы мен сенімділігі. Және, сайып келгенде, ҚР ЕДБ цифрлық қызметтерін дамыту, банктерді ұялы телефоны бар әрбір қазақстандыққа жақындауы үлкен әсер еткен.