Фото: kursiv.media
ІІМ ішкі істер органдарының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері өткен аптада «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, 3 күннің ішінде адам саудасына байланысты 47 қылмыс анықтаған.
«Қылмыстар арасында жұмысқа жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі, 10 адам саудасы, оның ішінде 5-уі кәмелетке толмағандар, 7 жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі, оның 3-і кәмелетке толмағандарға қатысты және 27 притон ұстау мен жеңгетайлық фактілері анықталған», деп хабарлайды ІІМ баспасөз орталығы.
Жезөкшелікпен айналысуға үй-жайлар бергені және жеңгетайлық үшін 30 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Ал Алматы облысында кәмелетке толмағандарды саудалау фактісі анықталған. Облыстың 39 жастағы тұрғыны өзінің жаңа туған ұлын сатып жіберген. Бұл дерек 2021 жылдың желтоқсанында орын алған. Әйел баласын ерлі-зайыпты жұпқа заңсыз асырап алу мақсатында жарты миллион теңгеге сатқан деген дерек келітіріледі.
Ал Қарағанды облысында еңбекке еріксіз жегу фактісі тіркелді. Шаруа қожалығының басшысы бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ өзіне қарыз екенін пайдаланып, 52 және 30 жастағы екі тұрғынның еңбегін қанап, жұмысқа салған. Ер адамдар үй шаруашылығымен, техниканы жөндеумен және мал күтімімен айналысуға мәжбүр болған. Қожалық басшылығы қашуға тырысқан олады жазалап отырған. Бұл шаруа қожалығы трассадан 65 шақырым жерде орналасқан.
«Қазіргі уақытта еңбекке еріксіз жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде. Жәбірленушілерге қажетті көмек көрсетілуде», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен бірге Қостанай облысында 38 жастағы қала тұрғыны ұсталды, ол бір ай бойы алдау және бопсалау жолымен колледжде оқитын қызды жезөкшелікпен айналысуға тартып, оны жалдамалы пәтерлерде клиенттермен жолықтырып отырған. Жәбірленуші туыстарына тапсырылып, бопсалаушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 134-ші «Кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Адам саудасының алдын алу аясында Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында көшелерде ақпараттық билбордтар орнатылды, сондай-ақ вокзал маңындағы алаңда, базарларда және басқа да қоғамдық орындарда буклеттер, брошюралар және басқа да үлестірме материалдар таратылған.