4%-дық автонесие бағдарламасы жұмысын тоқтатады

Жарияланды
Фото: Архив kursiv.media

4%-дық автонесие бағдарламасы жұмысын тоқтатады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Ақорда кулуарында айтты.

«Оператор РОП» компаниясынан 100 млрд теңге «Өнәркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ға бөлінді. Нәтижесінде 4 пайыздық автонесие бағдарламасы жұмыс істеді. Сол ақша бағдарламаға толық жұмсалды. Бұл қаржы болмаса, бұл бағдарлама болмайды. Бұдан басқа, бұрын бөлінген ақша бар. Ол 4 қаржы көзінен 4 бағыт бойынша бөлініп тұрды. Яғни, 82 млрд теңге револьверлік әдіспен бөлінді. Бұл өз алдына істеп тұрды. Осы қаржы бағдарламаны толық қамти алмайды. Себебі соңғы бөлінген 100 млрд теңге барлық бағытты қамтыды. Қазір 4 пайыздық автонесиеге емес, бағдарламаның бағытын қоғамдық көлікке ауыстырамыз ба деп ойлап отырмыз», – деді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ министр қазақстандықтар үшін арзан көлік алу қиындап кетпей ме деген сұраққа жауап берді. Қарабаевтың айтуынша, бағдарламаның жұмыс істеуі жеңіл көліктің құнына әсер етпейді.

«4%-дық автонесие бағдарламасы кезінде жұмыс істеді. Қазір басымдықты қоғамдық көлікке бергелі отырмыз. Қазақстандықтар көлікті нарықтық ставкамен алады. Отандық көлік өндірушілер өздерінің немесе банктің бағдарламасы болатын шығар. 4% автонесие бағдарламасының ақшасын толық қоғамдық көлік автобус сатып алуға бағыттаймыз деп отырмыз», – деді ол.

Бұған дейін, мамыр айының басында Марат Қарабаев автонесие беру бағдарламасына өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.

Ол кезде, ИИДМ басшысы қазір бұл бағдарлама бойынша бірнеше мәселе бар екенін айтқан еді.

«Біріншіден, біз әр айда қайтарылған қаржы есебінен қосымша автонесиені жүзеге асырамыз дедік. Бірақ айына шамамен 1 млрд теңге қайтарылып отыр. Ол 100 көлікке жетеді. Осы уақытқа дейін шамамен 4 млрд теңге қайтарылды. Ол ең көп дегенде 400 көлікке жетеді. Бағдарлама жарияланғанда шамамен 5 млрд теңге қайтарылған соң, қайта басталуы керек», – деді министр Үкімет отырысынан кейін.


Сондай-ақ оқыңыз