Фото: kursiv.media
Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ шаққанда 25 пайыздан төмен деңгейде қалыптасқан. Бұл жайлы Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Қаржы министрі 2022 жылы республикалық бюджеттің көрсеткіштері біршама жақсарғанын айтты.
«Өткен жылы пандемиядан кейін экономиканың біршама жанадануы байқалды. Жалпы ішкі өнім 3.3 пайызға өсті. Көптеген негізгі салаларда оң нәтижеге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі – 3.3%, құрылыс саласы – 9.4 пайыз, көлік – 3.9 пайыз, мал шарушылығы – 9,1 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7.9 пайызға ұғайды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері атқарылды. Түсімдер 102 % атқарылып, 16.1 трлн теңге болды. Шығыстар 98.6% игерілді және 18.5 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы ЖІӨ –ге шаққанда 2.3% құрады. Жалпы алғанда, мемлекет өзінің әлеуметтік және басқада міндеттемелерін толық көлемде орындады», деді министр.
Ол сонымен бірге Жоғары аудиторлық палатаның Үкімет есебіне берген қорытындысына қатысты түсіндірме берді.
«Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша ЖАП салық жеңілдіктері есебінен бюджетке түспеген қомақты қаражатты атап өткен. Бұл ретте осы салық жеңілдіктерінің көбісі стандартты және әлемдік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өту керек. Дегенмен, салық жеңілдіктерін айқындау, оңтайландыру және мониторингтеу бойынша ЖАП ұсынымдары үкіметтің жұмысында және жаңа салық Кодексін әзірлеу шеңберінде ескерілетін болады», деді
Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата импорттың экспорттық алшақтық және көлеңкелі экономика бойынша қабылданған шаралардың жеткіліксіз әсері туралы ескерткен. Мұны министр жалпы әлемдік тәжірибеде барлық елдерде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасы деректерінде әріптес елдермен сәйкессіздіктері болады деп түсіндірді. Ондай алшақтықтың негізгі себебі ретінде сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшеліктерінде екенін айтты. Дегенмен алшақтықтарды азайту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданған.
Министр елімізде көлеңкелі экономика деңгейін төмендету үшін кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын, бұл ретте тек соңғы 4 жылда бюджетке қосымша 3 трлн теңгеден астам қаражат түскенін атап өтті.
Сондай-ақ мемлекет басшысының Ұлттық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау шаралары қолға алынғанын айтты.
«Ұлттық қордың қаражатын үнемду саясатын жалғастыру мақсатында Республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасатын болады. Сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп қордың инвестициялық кірістерін артыруға қатысты шаралар қабылдануда. Бұл мемлекет басшысының Ұлттық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді», дейді министр.
Сонымен қатар жиында 10 ұлттық жобаның іс-шараларын мемлекеттік жоспарлау жүйесіне және де өзге құжаттарға интеграциялау бойынша жұмыстар аяқталып, 2029 жылға дейін нақты салаларды дамытуға бағытталған 15 тұжырымдама бекітілгені айтылды.