Жаңалықтар

Жақын арада Украинада қарулы қақтығыс тоқтайды деп үміттенеміз – Тоқаев

Фото: Ақорда

Қазақстан мен Германия президенттері БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасау кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын тағы да нақтылап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң сақтауы керек.

«Мен бұл күрделі мәселеге қатысты ұстанымымызды айқындадым. Біріншіден, біз БҰҰ Жарғысын қатаң сақтауымыз керек. Әрине, Біріккен Ұлттар Ұйымын әлемде теңдесі жоқ әрі әмбебап ұйым ретінде қолдауға тиіспіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, ол Қазақстан Қытай және өзге мемлекеттердің бейбіт бастамасын қолдауы тиіс екенін айтты. Бұған қоса Ресеймен Қазақстанның стратегиялық серіктес екенін атап өтіп, Ресеймен тығыз байланысты сақтауы қажет екенін жеткізді.

«Екіншіден, біз Қытайдың, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің барлық бейбіт бастамасын қолдауымыз қажет. Сондықтан жақын арада Украинадағы қарулы қақтығыс тоқтайды деп үміттенеміз. Содан кейін әлемнің осы бөлігінде берік бейбіт өмір орнайтыны туралы сөз қозғай аламыз. Қазақстанға келетін болсақ, біз осы мақсатқа қол жеткізуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Сонымен қатар біз – Ресеймен стратегиялық серіктеспіз және бірнеше ұйымның мүшесі екенімізді атап өткен жөн. Сондықтан біздің мақсатымыз – екіжақты және халықаралық ұйымдар аясында өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін Ресеймен тығыз байланысты сақтау»., деді Қазақстан Президенті