Болат Назарбаев қойған әкім жерді заңсыз иеленуге мүмкіндік берген – Бақытжан Базарбек

Жарияланды
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек

Алматы облысында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаев қызметке қойған әкім заңсыз қаулы шығарып, жайылым жер бүтін бір отбасының меншігіне өтіп кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты.

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Депутат Бақытжан Базарбек заң жобасына енгізілетін өзгерістерге тоқталып, Назарбаев әулеті заңсыздарға жол бергенін айтты.

«Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Асысаға деген ауыл бар. Онда 11 мың га жайылым бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаевтың қойған әкімінің заңсыз қаулысының салдарынан 11 мың га-ның 9 мың га жайылым бір отбасының жекеменшігіне өтіп кеткен. Әкесі – 2 300 га, үлкен ұлы – 1 370 га, ортаншы ұлы – 1 340, ортаншы қызы – 1 260 га, кіші қызы – 1 760 га және оның күйеуі 1 670 га жерді иеленді. Осылайша, бір ауылдың жері бір отбасы мүшелерінің жекеменшігіне және жер пайдалану құқығына өткен», – деді ол.

Депутаттың айутынша, «Жер аманаты» республикалық комиссиясы жайылымның 6 500 га жерін мемлекет меншігіне қайтарған.

«Мұны неге айтып отырмын? Жайылымды жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұр. Біз «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылым жерлерді ығай-сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жер ретінде енгізіледі, – деді Бақытжан Базарбек.

Депутат заң жобасы жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға мүмкіндік бермейтінін жеткізді.

«Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі. Жайылымды жерлерді кооперативтерге береміз және кооперативтерді қолдаймыз, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз