Фото: kursiv.media
Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары утилизациялық алымды тоқтатуды, 4 пайыздық автонесие бағдарламасын жалғастыруды талап етті.
Олар депутаттық сауалды премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.
«Оператор РОП» ЖШС түріндегі олигополия қатысушыларына қатысты резонансты сот процесі жүріп жатқаны баршаға аян. «Ақ жол» фракциясы «Оператор РОП» қызметінің заңға қайшы екені туралы сол кездегі Үкіметке сонау 2017 жылы ресми сауал жолдаған. Алайда мемлекеттік органдар іс жүзінде бұл заңсыздыққа бірлесе көз жұма қарап, компанияның шетелдік басшылары Парламент басшыларына «Ақ жол» партиясы депутаттарының үстінен жалған арыз жазып еді», – деді депутат Ержан Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қазір РОП функциялары «Жасыл Даму» АҚ-ға берілген, алайда мәселе шешілмеген.
«Ақ жол» партиясына кәсіпкерлер хабарласып, Экология департаменттері 2019-2021 жылдарға арналған утилизация төлемдерін (утильалым) төлемегені үшін әкімшілік айыппұл салғанын айтып жатыр. Мұндай өндіріп алу заңсыз болып саналады. Себебі «Жасыл Даму» АҚ-ның реквизиттері оларға тек 2023 жылы ғана берілген, ал утилизация төлемдері талап арыздар қойылғанға дейін төленіп қойған. Сондай-ақ олар президенттің тексеру жүргізуге мораторий енгізу туралы Жарлығын бұзып отыр. Қазір осы негіз бойынша 690-нан аса кәсіпкерлік субъектілері жауапкершілікке тартылған деп ақпарат бар», – деді ол.
Сондай-ақ депутат РОП аясындағы техниканы утилизациялауға арналған RecyclingCompany ЖШС зауыты екінші жыл жұмыс істемей тұрғанын жеткізді.
«Өйткені «Оператор РОП» ЖШС-ға қатысты қылмыстық іс аясында кәсіпорынға жұмыс істеуге тыйым салынған. Алайда утилизация жүргізіліп жатпағанымен «Жасыл Даму» АҚ қазақстандықтар мен бизнестен утильалым алуды жалғастырып жатыр», – деді Ержан Бейсенбаев.
Кәсіпкерлердің мәліметінше, қазір оператор кәсіпорын жұмысының тоқтауы мен тергеудің жүріп жатқанын сылтау етіп, 4 ай бойы өндірушілерге түскен қаржыны үлестірмеген.
«Алайда бұл оның өзіне жоқ утилалымды жинауына еш кедергі келтірмейді. Сондықтан атышулы утилалымнан түсіп жатқан млрд-таған қаржы тағы қайда кетіп жатыр деген сауал туындайды?
Осыған байланысты Индустрия министрлігі жеңілдетілген автонесиені 4 пайызбен қаржыландыруды тоқтату туралы шешім қабылдады. Утильалым жүйесі қазақстандық көліктердің өндірісі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін енгізілгені белгілі. Бірақ шенеуніктер мұны ұмытып кеткен сияқты», – деді депутат.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметке талап қойды:
1) Әкiмшiлiк құқықбұзушылық фактiсi анықталғанға дейiн утильалым төлемiн төлеген кәсiпкерлердi әкiмшiлiк қудалауды тоқтату, оларға қолданылған санкцияларды, оның iшiнде ескертулердi жою;
2) RecyclingCompany ЖШС қызметі тоқтатылғанда көліктер мен техникаларды утилизациялау үшін жиналған қаражаттың пайдаланылуы туралы ақпаратты жариялап, аталған зауыттың қызметін қалпына келтіру мерзімі туралы ақпарат беру;
3) 4 пайызбен автонесие беруді жалғастырып, осы мақсаттарға утильалымның пайдаланылмаған қаражаттарын қосымша бөлу;
4) Тіпті, болмаса, көліктерді утилизациялау зауытының тоқтап тұрған кезеңінде утильалым төлемін тоқтатуды қарастыру.
Айта кетейік, бұға дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тоқтатылатынын мәлімдеді.