Фото: kursiv.media
«Raiffeisenbank» ресейлік банктердегі шоттарға, сондай-ақ басқа да елдердің несиелік мекемелеріне еурода төлем аударуға шектеу қойды, деп хабарлайды Интерфакс, «Raiffeisenbank» сайтына сілтеме жасап.
Бұл шектеу 3 шілде күні күшіне енеді. Содан кейін корреспондент-банктер Ресей, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Иордания, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінде орналасқан бенефициар банктерге еурода шығыс төлемдерін аудара алмайды. Бұл шарттардың жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ заңды тұлғаларға қатысы бар.
Яғни аталған елдердің банктерінде шоты бар тұтынушылар да еурода шығыс аударымдарын жүзеге асыра алмайды. Банк тұтынушыларға шығыс аударымын жасау үшін еуродағы қаражатты басқа валютаға өзгертуді немесе басқа төлем әдістерін пайдалануды ұсынады.
Жаңа шарттың «Raiffeisenbank»-тің Ресейдегі тұтынушыларына қатысы жоқ. Олар бұрынғыдай «Raiffeisenbank» шоттары арасында еуромен аударым жасап, банктің басқа клиенттеріне жібере алады.
Австриялық Raiffeisenbank мұның алдында ТМД банктеріндегі корреспонденттік шоттарға қатысты шарттарды қатайтқан болатын. Raiffeisenbank International бұл елдердегі банктермен байланысты транзакциялық бизнеске қатысты тәуекелдердің алдын алуды ұйғарған. Салдарынан қазақстандық «Halyk Bank» белгілі бір салаларға қатысты төлемдерге шектеулер енгізген.