Жаңалықтар

Румынияда «ҚазМұнайГаз» иелігіндегі Petromidia зауыты өртенді

Фото: kursiv.media

Бүгін Румыниядағы Petromidia зауытында жеңіл гидрокрекинг (MHC) қондырғысында жүргізілген арнайы техникалық жұмыстардан кейін өрт шықты.

«Кәсіпорын жұмысшылары болған жағдайды бірден өндіріс орнының құтқару қызметіне, сондай-ақ, диспетчерге хабарлады. Ол, өз кезегінде, қолданыстағы ережеге сай жергілікті билік өкілдерін хабардар етті. Зардап шеккендер жоқ, өйткені барлық жұмысшылар дер уақытында эвакуацияланды», делінген «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі тартқан хабарламада.

Төтенше жағдайлар инспекциясының (ISU) арнайы көліктері келіп жеткенге дейін мұнай өңдеу зауытының өрт сөндірушілері тұтанған аудан көлемін шектеді. Қазіргі кезде өрт ауыздықталып, жағдай бақылауға алынған.

Румыниядағы мұнай өңдеу зауытында тұтанған өрт жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де ауыздықталды.

ТЖМ өкілдері ауаға зиянды заттардың бөлінбегенін растады.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 21 маусымда жергілікті уақыт бойынша сағат 15.00-де кәсіпорынның жеңіл гидрокрекинг цехінде (МНС) өрт шыққан еді. Зардап шеккендер жоқ. Осы оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталды.

Petromidia мұнай өңдеу зауыты Румыниядағы ең ірі және Қара теңіз бен Жерорта теңізі жағалауындағы ең заманауи зауыттардың бірі болып табылады. Ол Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы – «ҚазМұнайГаз» иелігінде.