Жаңалықтар

Волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

Фото: Ақорда

Астанада өтіп жатқан халықаралық волонтерлер форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек екенін айтты.

«Бұл ретте мемлекеттік және жеке грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды. Волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет», деді Президент.

Волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажеттігін айтқан мемлеке басшысы, еріктілер мен қайырымды жандардың «кең ауқымда ойла, соған сай әрекет ет» деген қағидасын қолдайтынын атап өтті.

«Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын. Біздің волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста, мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады», деді Қасым-ЖомартТоқаев.

Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосатынын айтқан ол:

«Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз», деді.

Президент Қазақстанның волонтерлік қозғалысты алдағы уақытта да қолдайтынын айтып, Қазақстан осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ал Астанада өтіп жатқан бұл форум волонтерлік қызметтің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Сонымен бірге жиында БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің форум қатысушыларына үндеуін оқып берді. Сондай-ақ жиында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әл Сабри, Түркияның белгілі мәдениет қайраткері Халук Левент және басқа да қонақтар сөз сөйледі.