Әзірбайжан Украинаны қалпына келтіру үшін 10 миллион доллар көлемінде көмек береді
Фото: .kursiv.media
Әзірбайжан Украинаға электр жабдықтарын жіберіп, қалпына келтіру жұмыстарына көмектеседі, деп мәлімдеді Әзірбайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов.
«Әзірбайжан Украинаны қалпына келтіруге және қайта құруға көмектеседі. Атап айтқанда, электр жабдықтарын жіберіп, Ирпень қаласын қайта құру жобаларын жүзеге асыруға өз үлесін қосады. Бұл көмектің жалпы сомасы кемінде 10 миллион долларды құрайды», деді Байрамов сәрсенбі күні Лондонда Украинаны қалпына келтіру жөніндегі конференция барысында.
Сонымен қатар министр Әзербайжанның 2022 жылдың ақпан айынан бері Украинаға 20 миллион доллардан астам қаражатқа гуманитарлық көмек көрсеткенін атап өтті.
«Әзірбайжан,Украина дағдарысын Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығы негізінде тез арада реттелуін қолдайды», деді ол.
Әзірбайжан Украинадан келген 100 балаға медициналық және әлеуметтік-психологиялық оңалту қызметін көрсеткен және жыл соңына дейін бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды жоспарлап отыр.
Байрамов сонымен қатар Әзірбайжанның Украинаға минадан тазарту техникасын жіберуге ниетті екенін айтты.
Украинаға 2023 жылы елді қалпына келтіру үшін қосымша 13 миллиард еуро қажет. Бұл жайлы Еуропалық Комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис айтты. Ол:
«Украина Ресей Федерациясымен қақтығыс салдарынан зардап шеккен нысандарын қайта құру және қалпына келтіру үшін қосымша көмекке мұқтаж«, деді.
Мұның алдында АҚШ Сенаторлары Джим Риш пен Шелдон Уайтхаус, депутат Майкл Макколл және Марси Каптурмен бірге Ресейдің Орталық банкінен тәркіленген активтерді және басқа да тәуелсіз активтерді пайдалана отырып, Украинаға қосымша көмек көрсету туралы заң жобасын ұсынды. Заң шығарушылардың мәліметінше, Ресейдің тыйым салынған активтерінің әлем бойынша жалпы сомасы 300 миллиард доллардан асады. Егер, заң күшіне енсе, Ресей Орталық банкінің активтері Украинаны қалпына келтіруге жұмсалады.