Фото: kursiv.media
Алматы экономикасына 484 млрд теңге инвестиция тартылып, биылғы 5 айда мегаполис экономикасы қарқынды түрде өскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен конференцияда қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
«Сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау экономика өсімінің драйверлері болды. Негізгі капиталға 484 млрд теңге инвестиция тартылды. Жеке инвестициялар 2,7%-ға өсті. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 29,4 мың жұмыс орны ашылды, оның 60%-ы тұрақты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасының өсуі 5-5,5% деңгейінде бағаланады», деді қала басшысы.
Сонымен қатар әкім биыл Алматы қаласының полицентризм принциптеріне негізделген 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін сол жоспарға сәйкес 2040 жылға қарай халық саны 3 млн адамға дейін көбеюі болжанып отырғанын айтты.
«Халық санының және экономиканың орташа жылдық 5%-ға өсуін ескере отырып, 5 полицентр құрылымын біркелкі қалыптастыру қарастырылған. Білім беру және денсаулық сақтау объектілері қолжетімді болады. 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынады. Қоғамдық көліктің үлесі 60%-ға дейін ұлғайтылады. 210 км жаңа жолдар, 3,6 мың км инженерлік желі және ауданы 2 750 га жаңа саябақтар мен скверлер салынады», деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар қала басшысы 2025 жылға қарай 250 мыңнан астам адам орталықтандырылған сумен қамтылатынын айтты. Бұл орйда шаһар әкімі Алматы қаласындағы «Тереңқұр» су қоймасының жоғарғы бөлігі мемлекетке қайтарылғанын хабарлады.