Банк тұтынушыларының жеке деректері жария болған жоқ – «Отбасы банк»

Жарияланды
Фото: gov.kz

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Отбасы банк» АҚ кейбір телеграм арналарда тараған деректердің болжамды жария болуы немесе ІТ-жобаның бұзылуы туралы ақпаратты шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл жайлы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Банкте клиенттердің жеке деректерінің сақталуы алғышарт.  Біз жеке деректерді қорғау және ақпаратты қорғау саласындағы заңнаманың барлық талаптары мен нормаларын қатаң сақтаймыз.  Сәйкесінше, Отбасы банкіндегі деректердің сыртқа жарияланып кеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, банк IT-жобалар жұмысында іркіліс болмағанын, банктің қалыпты жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.  Ал IT-жобаларға жауапты қызметкердердің жауапқа тартылу мәселесін баспасөз қызметі стандартты аудиттік шаралар деп түсіндіреді.

«Банкте өткен аудит – Отбасы банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ішкі құжаттарына сәйкес жүргізген банк қызметі мен оның ішкі процестеріне жүрргізілген стандартты тексеру жұмысы болып саналады. Оған сәйкес кез келген тексерудің қорытындысы бойынша акт жасалып, актіні орындау бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, осы жоспардың орындалуы қадағаланады.  Сондай-ақ, тексеру нәтижелері бойынша жекелеген тапсырмаларды орындамаған жағдайда қызметтің жекелеген салаларына жетекшілік ететін банк қызметкерлеріне тәртіптік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін», делінген хабарламада.

Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында қандай жағдай туындаса да, тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешімді банктің Директорлар кеңесі қабылдайды.

Естеріңізге сала кетсек, 21 маусымда «Бәйтерек» холдингі «Отбасы Банктің» IT-жобаларын жоспарлау және қаржыландыруға жауапты адамдарды жауапкершілікке тартуды тапсырғаны туралы ақпарат тарады.

«Бәйтерек» холдингі «Отбасы Банкі» АҚ Директорлар кеңесіне IT-жобаларды жоспарлау, қаржыландыру және іске асыру, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу салаларына жетекшілік ететін атқарушы орган мүшелерін тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау тапсырылсын. Сондай-ақ 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 30 наурызды қоса алғандағы кезеңде ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуы тапсырылсын», делінген ол құжатта.

Сондай-ақ оқыңыз