Орталық Азиядағы логистикалық компаниялар тәуекелдерді қалай еңсеріп жатыр?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Геосаяси тәуекел фонында Орталық Азияның логистикалық әлеуеті бұрынғыдан да арта түсті. Қазір өңірлік ынтымақтастық, өңір потенциалы жиі сөз бола бастады. Осы орайда, Орталық Азияның логистика саласында жұмыс істейтін компанияларына қолдау көрсететін арнайы бағдарлама туралы айту орынды болмақ. CILT Central Asia институтының ұйытқы болуымен USAID бағдарламасы шеңберінде бизнесті қолдау бағдарламасы іске қосылды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан компаниялары қатысып, жетекші эксперттерден жекелей немесе топтық консультациялар алады.

CILT Central Asia бас хатшысы Ербол Мұхаевтың айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – компаниялардың тасымал ісіндегі біліктіліктерін арттыру, өрістерін кеңейтіп, тәжірибелерін молайту.

«Мысалы бір компания «осыған дейін әуе тасымалымен айналыстық, енді теміржол арқылы тасымал жасағымыз келеді» дейді. Содан кейін біз теміржолға қатысты маман іздеп, тауып береміз. Компанияға тиісті диагностика жасалады, әрі қарай кеңес беріліп, бизнес-жоспар түзіле бастайды. Эксперттердің басым бөлігі – қазақстандық мамандар. Қазірге дейін 60-70 эксперт жинақталды. Олардың әрбірі – өз ісінің шеберлері», – дейді Ербол Мухаев.

Оның сөзінше, еліміздің, жалпы өңірдің транзиттік әлеуеті өте жоғары. 2021 жылдың өзінде транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 1 миллион ЖФЭ-ден асқан.

«Он жыл бұрынғы көрсеткіші өте төмен болған. Ал біз транзиттен мол ақша табамыз. Қазір Орталық Азия логистиканы жаңғыртуға кірісті. Мәселен, Қырғызстан Қазақстанды айналып өтіп, Қытайға баратын теміржол салып жатыр. Тәжікстан да инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлуде. Өйткені Қытайдан әрі қарай Еуропаға жіберілетін жүк мөлшері аса ауқымды. Біздің қолға алып отырған жұмысымыз да өз нәтижесін береді. Өйткені осындай пайдалы консультацияның арқасында компаниялар дамиды, топтық сабақтар кезінде бір-бірімен жақынырақ араласады, серіктестік мәмілелер жасайды, бұл өз кезегінде түрлі тасымал ауқымының кеңейе түсуіне алып келеді», дейді институт өкілі.

Жобаға қатысқан бизнес ұжымдардың бірі – SPDEX курьерлік компаниясы. Аталған бағдарлама эксперттерінің қолдауы арқасында компания транспорттық логистикадан қалаға жеткізуге дейінгі процестерді қайта бағыттаған. Бұл ағымдағы позицияны сақтап қалуға ғана емес, тауар айналымының 30%-ға өсуіне де көмектесті

«Геосаяси ахуал, экономикалық дағдарыс, валюта бағамының тұрақсыздығы мен пандемия тек біздің нарыққа емес, жалпы әлемге қатты әсер етті. Мұндай кезде өзін жоғалтып алмас үшін бизнес бейімделгіш, ыңғайлы болуы керек. Сондай-ақ процестер мен өнімдерді тез қалпына келтіру дағдылары қажет. Ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген логистикалық маршруттардың жұмыс істемей қалғанын және олардың орнына жаңасы іске қосылып жатқанын да көріп отырмыз. CILT Central Asia жобасына нағыз қажет кезде кірістік. Өйткені «қалай кәсібімізді құрдымға кетірмей, сақтап қаламыз» деген сауал пандемия кезінде бүкіл компанияны мазалады», дейді компания басшылығы бізге берген сұхбатында.

Компания басшыларының сөзінше, коронавирус пандемиясынан кейін, кәсіпорын жұмысын қайта бағыттау арқылы тұрақтылыққа қол жеткізе алған. Сырғақ Орозалиевтің айтуынша, пандемия қызмет бағытын қайта қарауға мәжбүр еткен.

«Бастапқыда Қазақстан бойынша сәлемдемелер мен жүк жеткізуге басымдық бердік. Кейінірек коронавирус жағдайына байланысты қала ішілік жетізу қызметіне ойыстық. Портфелді әртараптандыру компания тұрақтылығын сақтауға негіз болатынына көзіміз жетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания 30 пайызға өсім көрсетті. Қызметкерлер саны 25 пайызға ұлғайды. Транспорт саны 20 пайызға көбейді. Біздегі халықаралық тасымал үлесі 25 пайызға жуықтайды», дейді.

Алайда Мәскеуден Қазақстанға жеткізу көлемі қысқарып, Қазақстаннан Мәскеуге жеткізу көлемі ұлғайған. Корреспонденция саны да біршама артыпты.

«Өкінішке қарай барлық тасымалдаушылар (теміржол және әуе) бағаларды көтерді. Өйткені жанар-жағармай, отын және бөлшек бағасы өсті. Соған орай көптеген логистикалық компания тарифті көтеруге мәжбүр болды. Қазақстанның логистикалық қызметтер нарығында бәсекелестік өте жоғары. Жеке тасымалдаушылар көп. Бұл бір жағынан саланың дамуына жақсы әсер етеді, өйткені бәсекелестік күшейіп, компаниялар сервисті жақсартуға ұмтылып жатыр. Бірақ осы жағдайдың теріс тұсы да бар. Себебі, нарыққа көлеңке түсіріп, қызметін адал атқармайтын компаниялар да көп болып тұр», дейді компания жетекшілері.

Бағдарламаға қатысып, жедел өсім көрсеткен компанияның бірі – «Caravan-Logistics». Қырғыз компаниясы логистикалық қызметтердің ауқымды спектрін ұсынады. Сырғақ Орозалиевтің айтуынша, пандемия қызмет бағытын қайта қарауға мәжбүр еткен.

USAID СTJ, СILT Central Asia жобасына қатысқанға дейін біз қиын экономикалық жағдайда болдық. Ең басты себептердің бірі – әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы. Әрине, бизнесті қолдау бағдарламасына (BSP) менти ретінде қатысу компания үшін айтарлықтай нәтиже берді. Жүк және теміржол тасымалы бойынша экспорт Ерлан Төлендиевтен және қызметкерлерді басқару және команданы құру бойынша эксперт Айнұр Дивеевадан консультация алдық. Жобаның арқасында қызметкерлер штатын 12-ден 32 адамға көбейттік. Компания қарқынды өсе бастады және заманауи, үлкен кеңсеге көштік», дейді ол.

Теміржол тасымалын іске қосу арқылы жылына 1 млн тоннадан астам жүк тасымалдайтын компания енді Қазақстанда филиал ашуды жоспарлап отыр.

«Дағдарыс бізге компанияны сақтап қана қоймай, кең ауқымда өсуге бірегей мүмкіндік берді. Менің ойымша, біз осындай қысқа мерзімде керемет нәтижелерге қол жеткіздік», дейді компания басшысы.

Айта кетейік, 2020-2021 жылдары USAID СTJ, СILT Central Asia жобасымен әріптестік аясында бизнесті қолдау бағдарламасы жүзеге асты. Бағдарламаға Орталық Азияның 75 транспорт-логистикалық компаниясы қатысып, BSP эксперттерден құнды консультациялық кеңестер алып, пандемия тудырған дағдарыс жағдайында бизнес-моделдерін қайта қарастырды. Бағдарлама барысында шағын және орта бизнес өкілдері топтық семинар, вебинар және тренингтерге қатысып, нәтижесінде серіктестік қатынастарын нығайтты, бизнес желілерін арттыра алды. Бұл бағдарлама биыл да жалғасады. Сертификатталған жетекші BSP эксперттер кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыз