«ҚазТрансОйл» ішкі нарыққа мұнай жеткізу бойынша жаңа тарифті бекітті

Жарияланды

Фото: ҚТО баспасөз қызметі

«ҚазТрансОйл» ішкі нарыққа мұнай жеткізу тарифін 4 849 теңге көлемінде бекітті. Бұл туралы компания баспасөз қызметі таратқан хабарламада жазылған.

«…2021-2025 жылдарға магистральдық құбырлар жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнай айдау жөніндегі реттелетін қызметке «ҚазТрансОйл» АҚ тарифі мен тарифтік сметасы 1000 км-ге 1 тонна үшін 4 849,39 теңге мөлшерінде бекітілді», – делінген хабарламада.

Көрсетілген тариф 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

 20 сәуірде «ҚазТрансОйл» АҚ ішкі нарыққа мұнай тасымалдау қызметі тарифін көтеру қарастырылып жатқанын хабарлаған.

«Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнайды тасымалдау қызметіне тариф жобасы 1000 шақырымға тоннасына 5 012,42 теңгені құрады, бұл бекітілген тариф деңгейінен 656,86 теңге немесе 15%-ға жоғары» делінген хабарламада.

 Дегенмен, өзгертілген тарифті бекіту және оның деңгейін анықтау туралы түпкілікті шешімді Табиғи монополияларды реттеу комитеті қабылдайды.

Компания 2023 жылдың I тоқсанында жеке магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы 10 млн 348 мың тонна мұнай тасымалдаған. Бұл 2022 жылғы 1 тоқсанмен салыстырғанда 591 мың тоннаға артық.

  «ҚазТрансОйл» АҚ – магистральды мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор. Ол ұзындығы 5,4 мың км әртараптандырылған магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді.  

Сондай-ақ оқыңыз