Жаңалықтар

ТЖМ тікұшақтарына француз авиасалоны қызмет көрсететін болады

Фото: kazaviaspas.kz

«Қазавиақұтқару» тікұшақ қозғалтқыштарын өндіруші Safran Helicopter Engines компаниясымен Францияның Ла Бурже қаласындағы авиасалонда арнайы шартқа қол қойды. Осы уағдаластық шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігі авиациясының әуе кемелеріне қызмет көрсетіліп, осы салонда жөнделеді. Сондай-ақ қозғалтқыштарды бақылау жедел жүзеге асырылады.

Бұл ұшақтардың техникалық қызмет көрсету нысандарында көп уақыт тұрмауына мүмкіндік береді. Еуропадағы құтқару қызметтерінің көпшілігі осы принцип бойынша жұмыс істейді.

«Қазавиақұтқару» АҚ бас директоры Болат Абайділдиновтың айтуы бойынша, енді регламенттік жұмыстарға аз уақыт кетеді.

«Біздің қозғалтқышты белгілі бір жерде жөндеудің қажеті жоқ, олар оның орнына басқасын береді. Бұл шамамен 7-10 күн алады. Яғни оған айлар кетпейді. Бізде жұмыс 4-5 айға немесе одан да ұзақ уақытқа созылатын кездер болды. Бұл келісімдер бізге әуе кемесінің осы түрін барынша пайдалануға мүмкіндік береді», дейді ол.

«Safran Helicopter Engines Germany» компаниясының бас директоры Франсис Ларрибоның айтуынша, Еуропадағы адам құтқарумен айналысатын бүкіл ұйымда осындай келісімшарт түрі бар.

«Құтқару туралы сөз болғанда, оқиға орнына мүмкіндігінше тезірек жетіп, адамдарды ауруханаға апару маңызды. Сондықтан тікұшақтар қолжетімді болуы тиіс. Біздің мақсат – «Қазавиақұтқару» операторының тек операциялық жұмыспен айналысуы, ал біз тікұшак пен қозғалтқышының тәулік бойы жұмыс істеуін барынша қамтамасыз етеміз», – деді Франсис Ларрибо.

Мамыр айында «Қазавиақұтқару» АҚ мен Utair тобы (РФ тікұшақ операторы) ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойған еді. Меморандумға сай, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай, оның ішінде табиғи өрт туындаған кезде «Utair» авиациялық қызмет көрсетпек. Сонымен қатар «Utair» тобының оқу орталығындағы Ми-26, Ми-17 және Ми-8 тікұшақтары тренажерларында қазақстандық оператордың ұшу құрамын даярлау және қайта даярлауда өтетіні хабарланған.

Айта кетейік, 23 ақпан күні «Қазавиақұтқару» тікұшағы БҚО-да қонуға мәжбүр болған. Қатты екпінмен қонған тікұшақ зақымданып, төрт адам қаза тапқан болатын.

Сол кезде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ми-8 типті тікұшағын пайдаланатын әуе компанияларының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізетінін мәлімдеді.