Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы өз бұйрығымен «Астана-Энерго» елордалық компаниясының жылу энергиясына тарифті 1 шілдеден бастап 1 Гкал-ға 2261,46 теңгеге дейін көтеру туралы шешім шығарды. Яғни баға 23,1%-ға көтеріледі.
Жаңа тариф 2023 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында қолданысқа енеді. Ал қазіргі тариф қосымша құн салығынсызы 1 Гкал үшін 1837,17 теңгені құрайды.
Астана департаментінің басшысы тиісті бұйрыққа 22 маусымда қол қойды. Құжат қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.
Бұйрық қосымшасына сәйкес кәсіпорынның өнім өндіруге жұмсаған шығыны 17,9 млрд теңгені құрайды, оның ішінде материалдық шығындар – 13,9 млрд теңге, еңбек шығындары – 2 млрд теңге, жөндеу жұмыстарына – 1 млрд теңге жұмсалған. Материалдық шығындарда отынға кеткен шығын басым – 12,6 млрд теңге болған. Оның ішінде көмір – 7,8 млрд теңге, мазут – 430 млн теңге, жанар-жағармай – 108 млн теңге, жылу энергиясын жеткізуге арналған энергия – 12,9 млн теңге. сонымен қатар «Астана-Энергияда» 796 адам жұмыс істейді, құжатта олардың орташа айлық жалақысы 228 мың теңге деп көрсетілген.
5 мамырда Энергетика министрлігі электр энергиясы мен көмір бағасының тарифтерін көтеру туралы бұйрықты жариялады. Оған сәйкес энергия өндіруші ұйымдар үшін тауарлық газдың құнын орташа есеппен 10%-ға ұлғайтуды жоспарлаған. Мұндай баға өзгерістері жылыту кезеңінен өтуге дайындық шеңберінде жөндеу жұмыстарының қажетті көлемін жабу үшін қажет деп түсіндірілген құжатта.
Ал 30 мамырда Ұлттық экономика министрлігі тарифтердің негізсіз өспейтінін мәлімдеген. «Тарифтердің қалыптасуына әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы әсер етеді, тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді, тариф халық үшін әділ және қолайлы болады», деп хабарлаған министрліктің баспасөз қызметі.