Мүлкін жасырып, балаларын асыраудан әдейі жалтаратын борышкерлер бар – Әділет министрі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Елімізде алимент төлеу жұмыстары баяу жүзеге асады. Алимент бойынша орындаудағы істердің 16 345-і, яғни 5% проблемалы істер. Бұл жайлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді.

«Алимент өндіріп алу бір реттік атқарушылық іс жүргізу емес екенін атап өткен жөн. Ол, бала кәмелет жасына толғанға дейін бірнеше жылға созылады. Орындаудағы істердің 16 345-і, яғни 5% проблемалы істер. Талдау көрсеткендей, алимент төлемеудің негізгі себебі – борышкерлердің ресми жұмыс орны, кірістері және өндіріп алуға болатын мүліктері жоқ», дейді министр.

Ал кейбір борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктерге ие бола отырып, өз мүлкін жасырып, балаларын асыраудан әдейі жалтаратынын айтты.

«2023 жылдың 5 айында алимент төлемдері бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 1 094 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ішкі істер органдарына Қылмыстық кодекстің 139-бабы шеңберінде 410 ұсыным жолданды, оның 76-сы сотқа жолданды, 196 ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылды, 21 іс бойынша ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы шешім қабылданды. 6 969 борышкерлерге қатысты Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеу қойылды», деді Азамат Есқараев.

Алимент өндіріп алу туралы барлық проблемалы істер бойынша, сот орындаушылар мәжбүрлеп орындату шараларын жүзеге асырады. Ал кей жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіру қиынға соғады.

«Осыған байланысты, өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде жұмысқа тұрғызу жәрмеңкелері өткізіледі. Мысалы, 2022 жылдың 5 айында республика бойынша 1 362 борышкер жұмысқа орналастырылды» деді минстр.

Сондай-ақ оқыңыз