Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша жүзеге асады

Жарияланды

Фото: ҚР ҰЭМ

Ұлттық экономика министрлігінде Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның 2022 жылғы жұмыс нәтижелері туралы есебі тыңдалды.

Кеңес барысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатының тәсілдері туралы мәселелер көтерілді. ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясатты реформалау шеңберінде салаға жаңа инвестицияларды ынталандыру арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бұл өз кезегінде апаттар мен ажыратулар санын азайтуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 145 мың шақырымнан астам инженерлік желіге жөндеу жүргізу қажет», – дейді ол.

Сонымен бірге кеңесте инвестиция тарту, инженерлік желілерді жөндеу, коммуналдық желілердің тозуын азайту, табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақысын көтеру және т. б. мәселелер талқыланды.

Министрі Әлібек Қуантыров тарифтердің өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып түзетілетінін, тариф белгілеу барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ашық жүргізілетінін мәлімдеді.

«Барлық өңірлерде мәслихат депутаттары, жұртшылық өкілдері, жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер кіретін өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Тарифтердің өзгеруі осында талқыланады», – деді министр.

Сонымен қатар министр барлық рәсімдер e-monopolist ақпараттық жүйесі арқылы ашық жүргізілетінін айтты.

«Біз барлық мәселелерді қадағалаймыз және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстаймыз. Сондықтан, қаражат дивидендтер төлеуге, табиғи монополиялар субъектілерінің басқа да шығындарына кетпеу керек. Сондай-ақ, тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді. Ол адамның қатысуынсыз тексеру кестесін қалыптастырады», – деді министр.

Бейсенбі күні Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысын өткізді. Мемлекет басшысы «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын тиімді әрі уақытылы жүзеге асыру Үкіметтің басты міндеті екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз