20 пайыз кешбэк: балаларға арналған банк карталарының артықшылығы неде?

Жарияланды

Фото: Freepik

Қазір экономикалық белсенді халықтың басым бөлігі екінші деңгейлі банктердің төлем карталары мен цифрлық қызметтерін қолданады. Енді қаржы институттары балаларға арналған өнімдерді де шығаруға көшті. Соның арқасында балалар да картаны өз бетінше пайдаланып, қаржылық сауатын арттыра алады. Әрине, балалар картасын қолдану толықтай ата-ана бақылауымен жүзеге асады. Kursiv тілшісі балалар картасын бар банктер ұсынатын артықшылықтарға шолу жасап көрген еді.

Қазір Қазақстанда 7 банк балалардың төлем карталарын ұсынып отыр, олар – Jusan Bank, Halyk Bank, Kaspi.kz, ForteBank, Bank RBK, Altyn Bank және «Банк ЦентрКредит». Баланы банк картасымен ерте бастан таныстырған дұрыс болмақ. Қаржылық операциялар қайшыласқан мына заманда балалардың да депозит, қаржы аударымдары, жеке есепшоты сияқты дүниелермен таныс бола беруі артық болмайды. Керісінше, жыл санап төтенше қажеттілікке айналып келе жатыр.

Балалар үшін Jusan Bank-те – Jusan Family, Halyk Bank-те – Halyk Easy, Kaspi.kz-те – балаларға арналған Kaspi Gold, ForteBank-те – Forte балалар картасы, Bank RBK-да – RBK мини-банк картасы, Altyn Bank-те – Altyn-i балалар картасы, «Банк ЦентрКредитте» – Junior балалар картасы қолжетімді. 

Балаларға арналған банк карталарының негізгі артықшылықтары мыналар:

  • Тәжірибе көрсеткендей, балалар әдетте қалтасындағы қолма-қол ақшаға қарағанда картаны сирек жоғалтады;
  • Егер карта жоғалса оны тез блоктауға (осылайша шоттағы ақшаны сақтап қаласыз), содан кейін қайта шығаруға болады. Ал жоғалған қолма-қол ақшаны қайтару қиын;
  • Картамен төлеген жағдайда қайтарым ақшаны қате есептеп қою қаупі жоқ;
  • Қажет болған жағдайда, ата-ана бала қайда болса да, картаға ақшаны жылдам аудара алады. Мұны мобилді қосымша, онлайн-банкинг, банкомат немесе банк бөлімшесі арқылы жасау мүмкіндігі бар;
  • Бала өз шығындарын басқаруды үйренеді;
  • Картадағы суреттер жарқын және әдемі (мысалы, мультфильм кейіпкерлері бар);
  • Банктің кейбір серіктес дүкендері балаларға арналған тауарлар мен қызметтерге арналған түрлі акциялар, сондай-ақ кешбэк ұсынады;
  • Ата-аналар картаның барлық операциясын SMS немесе push-хабарландырулар немесе банктің мобилді қосымшасы арқылы бақылай алады;
  • Ата-аналар банкоматтан ақша алуға, қолма-қол ақшасыз төлемдерге және онлайн сатып алуға лимит пен басқа да шектеу қоя алады. Балалар онлайн сауда жасамақ болған сайын транзакцияны растау коды бар хабарлама келеді;
  • Ата-аналар картадан қолма-қол ақша алуға және басқа картаға немесе шотқа ақша аударуға тыйым сала алады.

Jusan Family аясында төлемдер, аударымдар және ақша алу сияқты негізгі қызметтермен қатар, балаларға бонустардың жаңа деңгейі ұсынылады. Мысалы, жоғары санатты таңдаған кезде сіз 5%-дан 15%-ға дейінгі бонустарды ала аласыз. Сонымен қатар балаға тұрақты 1% сыйақы бар.

Jusan Family – балалардың картасы ғана емес, сонымен қатар ата-ана баласына қарапайым тапсырмаларды өз бетімен орындау арқылы қалта ақшасын табуға үйрететін, сондай-ақ өз мақсаттарын орындай отырып арманына жететін Jusan мобильді қосымшасының жаңа қызметі.

Halyk Easy – баланың күнделікті шығынына арналған ыңғайлы карта. Бұл картаны пайдалану арқылы төлемдерге және сатылымдарға 1% бонус алуға болады. Қызмет тегін көрсетіледі. Карта 6-16 жас аралығындағы балаларға арналған. Бұл картаға кез келген соманы оңай аудару, сонымен бірге Halyk Homebank қосымшасында картаның шығындары туралы ақпаратты көру мүмкіндігі бар.

Балаға арналған Kaspi Gold картасы қазір ерекше танымалдылыққа ие. 6-16 жастағы балаға Kaspi Gold картасын ата-ана Kaspi.kz қосымшасы арқылы ашып береді. Баланың картасы ата-ананың Kaspi Gold-ына қосымша карта болып бекітілген. Балаға арналған Kaspi Gold-ты ресімдеген ата-ана немесе қорғаншы өзінің Kaspi Gold картасынан оған күніне 1 миллион теңге ақша сала алады.

Сондай-ақ баланың Kaspi Gold-ына Kaspi-дің басқа клиенттерінің картасынан ақша салуға айына 100 000 теңгеден аспайтын лимит белгіленген. Ал бала өзінің Kaspi Gold-ынан көп дегенде 10 000 теңге ғана шешіп ала алады.

Балаңызға арналған Kaspi Gold картасы тегін. Жылдық қызмет көрсетуге ақы төлеудің қажеті жоқ.

Forte балалар картасын пайдаланып, өзіңіз таңдаған санаттан 15%-ға дейін кешбэк алуға болады. Сондай-ақ бұл картаның көмегімен 30 мың теңгеге дейін еліміздегі кез келген банкоматтан ақша шешіп алу тегін деп қарастырылған. Тиісінше айына 30 мың теңге шекке дейін ақша аудару да (Қазақстанның барлық банкінің картасына) тегін.

Bank RBK-ның мини-банк картасымен 10 пайызға дейінгі мөлшерде кешбэк алуға болады. Карта My RBK қосымшасында 1 минут ішінде ресімделеді. Бұл картаның мынадай игіліктері бар:

Тегін:

  • Ашу және қызмет көрсету;
  •  Бір айда 500 000 теңгеге дейін әлемнің кез келген банкоматынан алу;
  •  Қосымша арқылы кез келген банктің картасымен толтыру;
  •  Карта немесе телефон нөмірі бойынша аударымдар;
  •  Комиссиясыз 2000-нан астам төлемдер.

10%-ға дейін сashback:

  • Такси;
  • Кинотеатрлар;
  • Фастфуд;
  • Ойындар;
  • Хобби-тауарлар;
  • Аттракцион парктері;
  • Цирк.

Ыңғайлы және қауіпсіз:

  • Тек қауіпсіз төлемдер;
  • Ата-ананың лимиттерді баптауы;
  • Бала әрқашан ақшалы;
  • Ақшаны ата-анадан сұрау.

Altyn-i балалар картасында кешбэк 20 пайызға дейін беріледі.

«Кәмелет жасына толмағандарға арналған банктік карта балаларға әрекеттегі дербестігін білдіруге, сонымен қатар қаржылық сауаттылығын ашуға, ақшаны тиімді жұмсауды меңгеруге мүмкіндік береді. Қазақстанда балаларға арналған банктік картаны Altyn-i сандық банкте рәсімдеуге болады. Біз Mastercard халықаралық төлем жүйесінің ыңғайлы қаржы құралдарын ұсынамыз. Карталар бүкіл әлемде қабылданады, ал операцияларды жүзеге асыру үшін бар болғаны бір-екі секунд қажет», делінген банк хабарламасында.

Altyn-i-ды қолдану арқылы кинотеатрларда және ойын-сауық орталықтарында – 20%, ал жылдам тамақтану орындарында 10% кешбэк алуға болады.

Кешбэкке есептелетін транзакцияның минималды сомасы – 1 000 теңге. Кешбэк сомасының ай сайынғы максималды сомасы – 10 000 теңге.

«Банк ЦентрКредиттің» Junior балалар картасы қаражатты басқаруды, сақтауды, көбейтуді және ақша табуды үйретеді. Бұл ретте 18 жасқа дейін рұқсат етілген санаттарда ғана сауда жасау; Жүргізілген операциялар туралы ата-аналарға СМС арқылы хабарлау және балаға пуш хабарлама жолдау; Банк белгілейтін қауіпсіз лимиттер; BCC.KZ қосымшасы арқылы операцияларды бақылау қарастырылған.

Кешбэк бойынша ақпарат: Барлық төлемдерге кепілдік берілген 1% кешбэк бар. Сонымен бірге банк серіктестері 15 пайызға дейін кешбэк ұсынады.

«Сіз картаны өз балаңызға, сондай-ақ жиеніңізге, немереңізге немесе сіңліңізге шығара аласыз. Шектеулер жоқ. Junior картасы арқылы шарап, шылым алуға немесе діни дүкендерде сауда жасауға, автокөлікті жалға алуға және т.б. мүмкіндік жоқ. 18 жастан жоғары санаттар ғана», деп көрсетілген банк мәлімдемесінде.

2023 жылдың мамыр айының басында елімізде айналымдағы төлем картасының саны шамамен 69 млн-ға жетіп, бір жылда бірден 17,6 пайызға көбейіпті.

Қазіргі уақытта елімізде бір тұрғынға 3,5 картадан келеді. Небәрі 5 жылдың ішінде айналымдағы карталар саны 3,4 есе, ал он жылда 5 еседен астам өсті. Мұндай деректер бізде және бүкіл әлемде төлем карталары секторының дамуын және қолма-қол ақшасыз төлемдерге сұраныстың жоғары екендігін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз