Алакөл, Балқаш пен Зайсан демалыс аймақтарына сұраныс 5 есе өскен

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Жаздың алғашқы айынан Алакөл, Балқаш және Зайсан курортты аймақтарына сұраныс 5 есеге жуық өсті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Атап айтқанда, Үшарал, Балқаш, Зайсан мен Үржарға сұраныс өскен. Осы бағыттармен туристер Қазақстанның шығысындағы курортты аймақтар мен жағажай демалыс орындарына жетеді.

Ірі туристік агрегатордың мәліметінше, көрсетілген бағыттар бойынша сұраныс 5 есеге жуық өсті. Бұл Үржар және Үшарал әуежайларының ұшу-қону жолақтарын жөндеу аяқталып, жұмыс бұрынғы режимде қайта басталғанымен байланысты болып отыр.

Жазғы маусымда сұраныс өскен бағыттардың ішінде Ақтөбе мен Түркістан ерекше көзге түседі. Биыл туристердің екі қалаға деген қызығушылығы 40% – ға артқан.

Еліміздің топ-5 туристік бағытына Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау кіреді. Бес шаһар дәстүрлі түрде осы рейтингте көш бастап тұр. Жазғы маусымға қарай, оларға деген қызығушылық орта есеппен 20%-ға өскен.

Дегенмен биылғы демалыс туристерге қымбатқа түсейін деп тұр. Еnergyprom.kz сайтының жазуынша, куорттық айтмақтардағы қызмет құры бір жылда 27 пайыз қымбаттаған. Орта есеппен қаңтар–наурыз айларында бір орын 14,4 мың теңге болса, бір жыл бұрын 11,3 мың теңге болған.

Соның ішінде жұлдызды қонақүйлерде биыл баға айтарлықтай көтерілген. Мысалы, бес жұлдызды қонақүйлерде орналастыру қызметі бір жылда 40,3% қымбаттады: бір қонақ күніне орта есеппен 55,8 мың теңге төледі. Осылайша, бір адамға ең жақсы қонақүйлерде тұру аптасына 390,8 мың теңгеге шығады.

Курорттық аймақтардағы бағаны алсақ, биыл маусымда ең жоғары баға Щучье-Бурабай және Алматы курорттық аймақтарында байқалады. Қапшағай су қоймасының жағасында стандартты қонақүй нөмірін жалға алу үшін ең аз дегенде 20 мың теңгеден 59 мың теңгеге дейін, ал люкс нұсқаға күніне ең көбі 119 мың теңге төлеу керек. Бурабайда мұндай ақшаға бөлмелерде тұрып қана қоймай, санаторий-сауықтыру қызметтерін алуға болады.

Каспий теңізінің курорттарында демалу да қымбат. Шетелдік инвестор Ақтауда өңірдегі ең ірі бес жұлдызды қонақүйді салып, шетелде маркетингтік ілгерілетуді күшейткеннен кейін тіпті басқа елдердің чартерлік ұшақтары Маңғыстау облысына ұшатын болды. Сонымен, былтыр Уфадан, биыл Тегеран, Мәскеу, Қазан және Екатеринбургтен чартер басталды. Бұл қонақүйлерде демалудың ең төменгі бағасы тәулігіне 32–36 мың теңге, ең жоғарысы — 42–48 мың теңге. Бірақ баға бұдан да қымбат болатын кездер бар екенін де ескереміз.

Биыл жазда танымал Алакөл курорттық аймағындағы ірі қонақүйлердің қызметтерінің бағасы да арзан емес. Стандартты екі орынды бөлмені жалға алу 15–42 мың теңге, жартылай люкс 17–64 мың теңге, люкс 82 мың теңгеге дейін барады. Баға брондау уақытына да байланысты: маусымның басында жалға алу арзан, маусым қызатын шілде-тамыз айларында қымбат.

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2023 жылдың І тоқсанында ел ішінде саяхаттаған туристер саны 1,3 млн адамды құрады. Бұл былтырғы деңгейден 19,1%-ға (200 мың адам) жоғары. 10 жылдан бері жыл басында мұндай көрсеткіш байқалмаған

2022 жыл ішінде ел ішінде саяхаттаушылар саны 8,6 млн адамға жетті. Осылайша, былтыр ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңартылған.

2022 жылға Қазақстанның курорттық аймақтарындағы орналастыру орындарында көрсетілген жалпы қызмет көлемі 101,7 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 75,3% артық. Биыл бірінші тоқсанда да бұл динамика сақталды: қаңтар–наурызда қонақүй, отель мен демалыс орындары былтырғы бірінші тоқсанындағы 13,2 млрд теңгенің орнына 23,2 млрд теңгеге қызмет көрсетті.

Қазақстандықтардың былтыр әр курорттық аймақта қанша ақша қалдырғанына қарап, Алматы тау кластерінің ең танымал болғанын айтуға болады. Еліміздің барлық курорттық аймақтарында көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің 60%-ын Алматыдағы тау туризмі құрады.

Демалыс және жағажай демалысына маманданған туристік аймақтардың қаржылық көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда Бурабай мен Щучье санаторийлері бірінші орынға шығады. Былтыр қазақстандықтар мен ел қонақтары ондағы қызметке 14,8 млрд теңге төледі, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 67,5% көп. Екінші орында Маңғыстау 11,1 млрд теңге көрсеткішпен тұр. Үздік үштікті екі облыстың (Жетісу және Абай) жалпы көрсеткіші 5,2 млрд теңгені құрайтын Алакөл жапты.

Сондай-ақ оқыңыз