Базалық мөлшерлеменің ұлғаюына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсім көрсетті – ҚҚҚ

Жарияланды

Фото: .kursiv.media

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Ұлттық банктің ақша-несие саясатының трансмиссиялық механизміне шолу ұсынды.

Қазақстандағы ақша-несие саясатының трансмиссиялық механизмінің пайыздық арнасының жұмыс істеуі нарықтық және құбылмалы мөлшерлеме бойынша несиелендірудің жеткіліксіз үлесімен қиындаған.

2022 жылы елдегі инфляцияны бәсеңдету мақсатында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін бастады, ол өткен жылы 9,75%-дан 16,75%-ға дейін өсті. Тарихи тұрғыдан алғанда базалық мөлшерлеме ұлттық валютаның бағамына айтарлықтай әсер етеді. Бұл орайда валюталық арна, корреляция коэффициенті = 0,74 құрады. Ал пайыздық арна арқылы оның инфляцияға әсері онша маңызды болмайды.

Базалық мөлшерлеменің ұлғаюына қарамастан, Қазақстан Республикасының экономикасы өсім көрсетті. 2023 жылғы 1 тоқсанда 4,9% құрады, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,6% болатын. 2022 жылы айналымдағы қолма-қол ақша көлемі 12,1%-ға өсті, нәтижесінже тұрақты тұтынушылық сұранысты қамтамасыз етті.

Базалық мөлшерлемеден кейін депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі өсті: заңды тұлғалар үшін – 7,4%-дан 14,4%-ға, жеке тұлғалар үшін – 8,0%-дан 13,3%-ға дейін көтерілді. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің өсімі төмендеді: 2021 жылғы 21,5% болса, 2022 жылы 17,3% болды.

Өткен жылғы 4,3 триллион теңге өсімнің үштен біріне жуығы резидент еместерден келген.
Ал жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша орташа алынған мөлшерлемелер динамикасы соңғы бес жылда 11–19% аралығында ауытқып отырды және базалық мөлшерлеме оған әсер етпеді. Жеке тұлғаларды несиелендіруде тұтынушылық несиелер үлесі төмендеп 55,2% құраса, ипотекалық несиелер үлесі 36,3%-ке өсіп, бұл ретте жеңілдікті тіркелген мөлшерлемелер басымдыққа ие болды.

Заңды тұлғаларды несиелендіру көлемі пайыздық мөлшерлеменің 12,2%-дан 19,2%-ға көтерілуіне қарамастан, ШОБ субъектілерін несиелендіру есебінен өсіп 4,6%-ға немесе 0,8 трлн теңгеге көтерілді. ШОБ несие портфелінің 30%-ға жуығы «ДАМУ» мемлекеттік бағдарламаларының үлесіне тиеді.

Тиісінше, Қазақстанда инфляцияның бәсеңдеуінің негізгі себептері өткен жылдың базасының жоғары болуымен, импорттық баға өсімінің төмендеуімен және айырбас бағамының тұрақтылығымен байланысты. Бұл орайда базалық мөлшерлеменің жиынтық сұранысқа әсері соншалықты байқалмады.

АҚШ, ЕО, Австралия, Канада және т.б. дамыған елдерде базалық мөлшерлеменің өзгеруіне негізінен ипотека әсер етеді. Өйткені оның пайыздық мөлшерлемесі нарықтық жағдайға байланысты өзгеріп отырады.

Біз мұны Америка Құрама Штаттарының мысалынан көре аламыз. Өткен жылы федералдық резервтің базалық мөлшерлемені ұлғайтуы ипотекалық несие мөлшерлемесінің өсуіне әкеліп соқтырды. Бұл халықтың тұтыну шығындарын азайтып, инфляция мен экономикалық өсімді бәсеңдетті.

Қазақстандағы инфляция 2022 жылы жылдамдап, соңғы 25 жылдағы ең жоғары деңгейге дейін көтерілді. Бұған ең алдымен монетарлық емес факторлар әсер етті. Соның ішінде импорттық инфляцияның және Украинадағы соғыс қимылдары мен жауап санкцияларының салдарынан жеткізілім тізбегінің үзілуіне байланысты болды.

Базалық мөлшерлеме бір жылдың ішінде 7 пайызға көтеріліп, теңгедегі депозиттердің кетуіне және долларлануына жол бермей, қаржылық тұрақтылықты сақтауға жол ашты. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыратын қаражатқа мемлекеттік бағалы қағаздарға сұраныстың артуына ықпал етті.

Бұл ретте, құбылмалы айырбас бағамы режиміндегі ақша-несие саясатының трансмиссиялық механизмінің негізгі арнасы пайыздық мөлшерлеме арнасы болып саналады. Ол – базалық мөлшерлемені көтеру → несиелер мен депозиттер бойынша мөлшерлемелерді арттыру → депозиттер көлемін ұлғайту және несиелер көлемін азайту → тұтынушылық шығындар мен іскерлік белсенділік → инфляция мен экономикалық өсуді бәсеңдету.

Бұл ретте елде депозиттердің өсу қарқынының ұлғаюы байқалмады, ал депозиттер көлемінің ұлғаюына резидент еместерден түсетін қаражат ағыны айтарлықтай әсер етті. Бұған Ресей Федерациясынан Қазақстанға келген компаниялардың қоныс аударуы себеп болса керек.

Тиісінше, мемлекеттік шығыстардың өсуімен және тұрақты несиелендірумен, елдегі күшті тұтынушылық сұранысты сақтай отырып, пайыздық мөлшерлеменің өсуіне жауап ретінде жинақтауға бейімділік артқан жоқ.

Сондай-ақ мемлекеттің экономикада айтарлықтай қатысуына және кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға байланысты іскерлік белсенділіктің төмендеуі байқалмады. Атап айтқанда, мемлекеттің қатысуы бар ірі кәсіпорындар екінші деңгейлі банктердің несиелеріне тәуелді емес. Өйткені олар мемлекеттің жасырын кепілдігі арқылы шетелден «ұзақ» мерзімге және салыстырмалы түрде арзан ақшаға синдикатталған несиелер, еурооблигациялар және т.б. тарта алады. Ал егер дефолтқа ұшыраса төлемдер бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Тұтынушылық несиелендіру құрылымында пайызсыз бөліп төлеудің елеулі көлемінің аясында несиелеу көлемі де айтарлықтай өзгерген жоқ. Бұл ретте ұзақ мерзімді несиелеу (ШОБ және ипотека үшін) базалық мөлшерлеменің әсерін барынша азайта отырып, жеңілдікпен әрі бекітілген мөлшерлемелер бойынша жүзеге асырылды.

Ипотекалық несиелер мен шағын және орта бизнес несиелері бойынша құбылмалы мөлшерлемелер Батыс елдеріндегі негізгі трансмиссиялық арна саналады. Ипотекалық төлемдердің өсуі меншік иелерінің де, жалға алушылардың да кірістерін төмендетеді сонымен бірге → тұтынушылық шығындар мен іскерлік белсенділіктің төмендейді → экономикалық өсудің баяулауына және бағаның төмендеуіне әкеледі.

Осылайша, Қазақстандағы ақша-несие саясатының трансмиссиялық механизмінің пайыздық арнасының жұмыс істеуі нарықтық және құбылмалы мөлшерлемелер бойынша несиелендірудің жеткіліксіз үлесімен қиындады. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің әсері негізінен ұлттық валютаның бағамын ұстап тұрудан байқалады.

Қаржы нарығының сарапшылары инфляцияның баяулағанына қарамастан, Ұлттық банк мамыр айында базалық мөлшерлемені сол күйінде қалдырады деп болжаған.

Кейін Ұлттық Банктің Төрағасы Ғалымжан Пірматов 2023 жылы базалық мөлшерлемені байыппен төмендету мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз