«Kaspi bank» 2022 жыл үшін төленетін дивиденд көлемін жариялады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

«Kaspi bank» АҚ 21 маусым күні акционердердің жалпы жиналысын өткізіп, дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы қаржы ұйымы Қазақстан қор биржасына жолдаған құжатта айтылған.

«Kaspi bank» АҚ-ның жәй акциялары бойынша дивиденд төлеу және қоғамның бір акциясына шаққандағы дивиденд мөлшерін бекіту туралы шешімге сәйкес, банктің жәй және артықшылықты акциялары бойынша бір акцияға 5100 теңге көлемінде дивиденд төленсін», делінген банк құжатында.

Дивиденд 2023 жылдың 23 маусымынан бастап төлене бастайды.

«Банктің акциялары бойынша дивиденд төлеу акционерлердің жалпы жиалысы шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады», деп бекітілген құжатта.

Жалпы Қазақстандағы біраз компаниялар биыл дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады. Мәселен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 2022 жылы 1,922 триллион теңге таза пайда тапқан. Соның 322 миллиард теңгесін жалғыз акционері – Қазақстан үкіметіне дивиденд ретінде төлеуге шешім қабылдаған.

Ал «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2022 жылға жай акциялар бойынша 67,2 млрд теңге дивиденд төлейді. Бұл туралы банктің Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламада жазылды. Дивиденд 20 тамызына дейін төленетін болады.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі Аграрлық несие корпорациясы «ҚазАгроҚаржы» еншілес ұйымынан 10,3 млрд теңге көлемінде дивиденд алды.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ 2022 жылғы пайдадан әр жай акцияға 491,71 теңге төлемек. Осылайша, жалпы дивиденд сомасы шамамен 300 миллиард теңгені құрайды. Бұндай шешім компания акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында шығарылған.

Сондай-ақ оқыңыз