Фото: kursiv.media
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының қазіргі басшысы Александр Лукашенконың телефон арқылы сөйлесуіне қатысты пікір білдірді.
«Екі ел арасындағы арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды қазіргі мемлекет басшылары ғана талқылай алады«, деді ол.
Өткен демалыс күндері Лукашенконың баспасөз қызметі Беларусь президентінің Назарбаевпен телефон арқылы тілдескенін хабарлады. Хабарламада екі тараптың «халықаралық жағдайды, аймақтағы жағдайды және беларусь-қазақ қатынастарын» талқылағаны айтылды.
Бүгін Астанада өткен брифингте журналистер Сыртқы істер министрлігінен «басқа елдің президенті екіжақты қарым-қатынасты республиканың басшысымен емес, басқа бір адамдармен талқылай ала ма?» деп сұрады.
Айбек Смадияров Лукашенко мен Назарбаевтың ұзақ жылдар бойы бірге жұмыс істегенін және одақтас екенін атап өтіп, екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты тек қазіргі президенттер ғана талқылайтынын айтты.
«Сыртқы саясатты, оның ішінде шет мемлекеттермен қарым-қатынасты айқындау – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құзыреті.Сондықтан да Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасын қазіргі президенттер ғана талқылай алады», деді СІМ ресми өкілі.
Естеріңізге сала кетсек, Ресейде, «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин көтеріліс ұйымдастырып, Дондағы Ростов пен Воронеж қаласын басып алды.
Мәскеуге жорыққа аттанған «Вагнер» жасағы Пригожин мен Белорусь презиженті Лукашенконың келіссөзі барысында кері қайтарылды.
Содан кейін Беларусь президентінің ресми телеграмм арнасы жексенбі күні Александр Лукашенконың Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путинге, одан кейін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон шалғаны туралы хабарлады.