Жаңалықтар

Иран Қазақстанмен есеп айырысуда ресейлік банктерді пайдалануды ұсынды

Қазақстан мен Иран өзара есеп айырысуда ресейлік банктерді пайдалана алады. Мұндай мәлімдемені Астанадағы Қазақстан-Иран форумында Иран Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әлирыза Пейман-Пак жасады.

Ол Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің қатысуымен өткен келіссөздер барысында бірнеше қазақстандық банктердің ирандық қаржы институттарымен байланыс орнатқанын мәлімдеді.

«Осы банктік арналар арқылы ресейлік банктердің де мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Бұл мүмкіндіктерді ирандық банктер де пайдалана алады», деді Пейман-Пак.

Иран тарапы сондай-ақ Қазақстанның Ираннан келген кәсіпкерлерге «теңгеде және үшінші елдердің валюталарында, мысалы, Қытай мен Иранның валюталарында ақшалай қаражатты еркін аударуға жағдай жасайтынына сенеді.

Ол Қазақстанды Иранмен тауар алмасуға шақырып, екі ел экономикасы осылайша «бір-бірін толықтыратынын» атап өтті. Мұның бартерлік алмасуға мүмкіндік беретінін айтқан Пейман-Пак 2022 жылы Иранның Қытаймен тауар айналымы 5 миллиард долларды құрағанын мәлімдеді. Бұл орайда Ислам Республикасының Африка елдерімен де бартерлік сауда жүргізетінін атап өтті.

Сонымен бірге Иран делегациясының басшысы екі елдің логистика саласындағы ынтымақтастығына тоқтала келе Қазақстанды «барлық көлік-логистикалық» инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және Иранның оңтүстігінен қазақстандық өнімдерді транзиттеуге жағдай жасап беруге дайын екенін мәлімдеді. Яғни Парсы шығанағындағы Ислам Республикасының порттары арқылы тауар тасымалдауға барынша жағдай жасалмақшы.

Иран 2018 жылдың қарашасында SWIFT халықаралық төлем алмасу жүйесінен ажыратылды. Ресейдің ірі банктері Украинадағы соғыс қимылдары басталғаннан кейін Батыстың санкцияларына ұшырап, SWIFT жүйесіне кіру мүмкіндігінен айырылды. Ал 2023 жылдың қаңтарында Ресей мен Иранның Орталық банктері келісімге қол қойып, екі ел өзара есеп айырысуды жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Ал Қазақстанның Иранмен тауар айналымы 2022 жылы 528 миллион долларды құрады. Қазақстан Иранға негізінен астық – бидай мен арпа экспорттайды. Ал біздің ел Ислам Республикасынан жеміс-жидек, полистирол, құрғақ сүт, дәрі-дәрмек, керамикалық плиткалар мен сирек металдар сатып алады. Елдер арасындағы тауар айналымының 70%-дан астамы ауыл шаруашылығы өнімдерінен тұрады.