Абай облысының әкімдігі бұған дейін әлеуметтік желілерде «орман өртінен кейін ағаштар заңсыз кесіліп, тасымалданып жатыр», – деген ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.
Облыс басшылығының ақпаратына сәйкес, өңірде болған алапат өрттен кейін күйген ағаштарды кесу мәселесіне қатысты қоғам тарапынан алаңдаушылық туып отыр. Осы орайда облыс әкімдігі орман өртінен кейінгі санитарлық жұмыстарға бақылау күшейтілгенін хабарлап отыр.
Ресми ақпарат бойынша, облыстық полиция департаменті маусым айының 15-нен, яғни өрт оқшауланған күннен бастап күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда тәртіп сақшылары өртенген аймақтан ағаштардың кесілуіне, тасымалдануына жол бермеу үшін алдын ала шараларды қатаңдатты.
Облыс аумағаныдағы авто және теміржолдарда көліктер мен жүк вагондары жіті тексеріліп жатыр.
«Сонымен қатар өңірдегі Қоғамдық кеңес мүшелері арнайы комиссия құрады. Ол комиссия аталған мәселеге қоғамдық бақылауды қолға алады. Яғни, өрттен кейінгі санитарлық жұмыстар азаматтардың қатысуымен жүзеге асады», – делінген хабарламада.
8 маусымда «Семей орманы» резерватындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында орман өртене бастады. Өрт ауқымы кеңейіп, елді-мекендерге қауіп төне бастаған соң, жақын маңдағы аудандардың тұрғындары эвакуацияланды.
Бастапқыда үш гектарға да жетпейтін жер болса, кейін өрт аумағы күрт ұлғайып, жүз гектарға жетті. Өрт адам шығынын әкеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл сапармен Абай облысына келді.
9 маусымда Семейде табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. 10 маусым күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильинді қызметінен босатты.
«Семей орманы» резерватында болған ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзіліп, кейін барлығының да қаза тапқаны белгілі болды. Бірнеше күн өткен соң өрт сөндіруге жалғыз кеткен тракторшының мәйіті табылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бас прокуратурада Абай ауданындағы ірі өрт фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, министрлер мен әкімдерден өз шеңберінде жауап алатынын хабарлады.
ТЖМ баспасөз қызметі 14 маусым күні кешке 60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрттің оқшауланғанын хабарлады.