Жаңалықтар

«Қазатомөнеркәсіп» жаңа кен орнынан сирек металлдар алу 2027 жылы басталады деп күтеді

shutterstock

«Қазатомөнеркәсіп» Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнынан тантал, ниобий, бериллий секілді сирек металлдар концентратын 2027 жылы өндіре бастамақ. Бұл туралы «Курсивке» компанияның басқарма төрағасы Ержан Мұқанов мәлімдеді.

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының сирек кездесетін металлдарды өндіру бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама бойынша, сирек металлдар кен орнын игеруге құқық алуды жоспарлап отырмыз, атап айтқанда, бір ай бұрын Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнына құқық алдық. Бұл кен орнын игеру бойынша жол картасы әзірленді. Шамамен 2027 жылы біз ол жерден концентрат ала бастаймыз», — деді Ержан Мұқанов.

4 мамыр күні компанияның баспасөз қызметі «Қазатомөнеркәсіп»-ке тиесілі «Үлбі металлургия зауыты» тантал, ниобий, бериллий секілді сирек кездесетін металдар қорына геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізетінін хабарлаған болатын.

Ақпаратқа сәйкес, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алды. Кәсіпорын сирек металдардың қорлары мен ресурстарын бағалау және растау үшін учаскеде жер қойнауына барлау жүргізеді.

«Жоба атом холдингіне қолданыстағы өндірісті өзінің минералды-шикізат базасымен қамтамасыз етуге, түпкілікті дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, экономикалық тиімділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді» делінген хабарламада.

«Қазатомөнеркәсіп» еншілес кәсіпорны «Үлбі металлургия зауыты» уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін әлемде танылған өндірушілердің бірі. Зауыт – ТМД аумағындағы жалғыз және тантал, ниобий және бериллийді өңдеуден бастап жоғары сапалы дайын өнімдерді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі.

Сирек металдар экономиканың әртүрлі салаларында – авиация, ғарыштық инженерия және зымыран, атом өнеркәсібі, медицина, аспап жасау, электроника, машина жасау және металлургияда кеңінен қолданылады.