Фото: kursiv.media
Терроризмді алдын ала ескерткен адамға мемлекет 2,5-3,5 млн теңге аралығында сыйақы төленеді. Бұл жайлы «Терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұйрығында жазылған.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 255-бабының бірінші және екінші бөліктерінде қарастырылған терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша – 750 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, Қылмыстық кодекстің 255-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде қарастырылған терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша – 1000 АЕК көлемінде сыйақы белгіленеді» делінген құжатта.
Қылмыстық кодекстің 255 бабының 1-2 тармағында көрсетілген терроризм актісін, жарылыс жасау, өрт қою немесе жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданып жасалатын қылмыстар туралы ескерткен адамға 2 587 500 теңге төленеді.
Ал 255 баптың 3-4 тармағында көрсетілген «жаппай жою қаруын, радиоактивтi материалдарды қолданумен немесе қолдану қатерін төндірумен және жаппай уландыруды, эпидемияны немесе эпизоотияны тарату» және сол сияқты адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттердi жасауға ниетті қылмыскерлер туралы ақпарат берген адамға 3 450 000 теңге сыйақы қарастырылады.
Ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы төлеу бір рет ұлттық валютада ҰҚК Төрағасының немесе ҰҚК аумақтық органы бастығының тиісті бұйрығының негізінде жүзеге асырылады және міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларында қаражаттар болған жағдайда қазынашылықтың аумақтық бөлімшелері арқылы оның екінші деңгейлі банктегі ағымдағы банктік есепшотына жүргізіледі.