Қытайдың Еуроодақтағы елшісі Украинаның 1991 жылғы шекарасына қайтарылуын қолдады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Еуроодақтағы Қытай елшісі Фу Конг Украинаның 1991 жылғы шекарасына қайтарылуын қолдады, деп хабарлайды Moscowtimes, Al Jazeera телеарнасына сілтеме жасап.

«Украинаның 1991 жылғы халықаралық мойындалған шекаралар шегінде өз жерлерін қайтаруға ұмтылысы Қытайдың барлық елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу ұстанымына сәйкес келеді», деді Қытайдың Еуропалық Одақтағы елшісі Фу Конг Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар Киевтің Ресей басып алған барлық аймақтарды, соның ішінде 2014 жылы аннексияланған Қырымды азат етуді қамтитын мақсаттарын «Қытай қолдай ма?» деген сұраққа дипломат: «Неге болмасқа» деп жауап берген.

«Біз барлық елдердің аумақтық тұтастығын құрметтейміз. Сондықтан Қытай бұрынғы Кеңес Одағымен қарым-қатынас орнатқанда да, біз дәл осылай келіскенбіз. Қаізргі жағдай Ресей мен Украинаның өзара талқылап, шешуі тиіс тарихи мәселелер, біз мұның өзара шешілуін жақтаймыз», – деді Фу.

Қытай дипломаты көктемде Фу Нью-Йорк Таймс газетіне берген сұхбатында да Пекиннің Ресейдің Қырым мен Донбассты қоса алғанда, Украина аумақтарын аннексиялау әрекетін мойындамайтынын айтқан. Сондай-ақ дипломат Қытайдың Мәскеуге әскери көмек көрсетпегенін және алдағы уақытта да көрсетпейтінін мәлімдеген.

Еске сала кетсек, Энтони Блинкен маусым айының ортасында екі күндік сапармен Қытайға келіп, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу барысында Блинкен Вашингтонның Тайвань тәуелсіздігін қолдамайтынын және Қытаймен қақтығысқа түсуге ниеті жоқ екенін жеткізді. Өз кезегінде Си Цзиньпин сонымен бірге Қытайдың АҚШ мүддесін құрметтейтінін және оларға қарсы шығуға немесе оларды ауыстыруға ұмтылмайтынын, сонымен бірге Ресейге әскери көмек бермейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз