«Алтын орданың» атқарушы директоры заңсыз қамалды ма?

Жарияланды

Фото: Автордікі

Алматыдағы «Алтын орда» базарының атқарушы директоры, Қырғызстан азаматы  Эрмек Марқабаевтың қамалуына қатысты жақтастары баспасөз мәслихатын өткізді.  Олардың пікірінше, Эрмек Қарасайұлы заңсыз ұсталып отырған көрінеді.

«2 маусым күні «Алтын орда» базарының атқарушы директоры Марқабаев Эрмек Қарасайұлы түсініксіз жағдайда ұсталды. Көліктен ақ ұнтақ зат, қару табылды деген айып тағылып, екі айға тергеу изоляторына қамалды. Алайда,  атқарушы директорға тағылған айып негізсіз, оған жала жабылды деп есептейміз»,-дейді Э. Марқабаевтың адвокаты Мақсат Ибадуллаев.

Оның сөзінше, қорғауындағы кәсіпкерді ұстау және қамауға алу кезінде де бірнеше заң бұзу болған көрінеді.

«Менің қорғауымдағы азаматты 2 маусым күні кешкі сағат 19:00 шамасында, Алматы-Бішкек тас жолының бойында арнайы партрульдік полиция көлігі тоқтатып, сол жерде «қалтасынан химиялық ұнтақ зат табылды» деген желеумен қамауға алған. Артынша қорғаушысы ретінде маған хабар берді. Мен барғаныммен, ол жерге мені сол күнгі түнгі сағат 23:00-ге дейін кіргізбеді. Одан кейін барып кіріп, қорғаушыммен тілдесу мүмкін болды. Бұл Қарасай аудандық полиция басқармасының осы іске қатысты бірінші заң бұзушылығы. Екіншіден, олар ҚР заңына сәйкес, күдіктіні 3 сағаттан артық ұстауға құқылары жоқ. Осы уақыт ішінде қамау туралы шешім шығару керек немесе босату қажет. Олар болса менің қорғауымдағы азаматты бірнеше сағат заңсыз ұстап отырған. Үшіншіден осы кезде мен кезекші прокурорға телефон соғып, шағым түсірдім. Полиция басқармасына прокурордың өзі келіп, құжаттармен танысып, белгіленген уақыттан артық ұстап отығанын анықтаған соң, қорғауымдағы Э. Марқабаевты босату туралы шешім шығарды. Ол шешімнің фотосы менде бар. Алайда, полиция басқармасындағылар прокурордың ол бұйрығын орындаған жоқ. Араға бірнеше сағат өткен соң барып қамау туралы қаулы шығарып, Э. Марқабаевты уақытша ұстау изоляторына қамады. Осының өзі біздегі ҚР қылмыстық-процессуалдық кодекстің бірнеше бабы бойынша заң бұзу болып есептеледі»,-дейді қорғаушы М. Ибадуллаев.

 Оның сөзінше, осы заң бұзушылықтарды тіркеп, аудандық полиция басқармасы үстінен  облыстық прокуратураға шағым түсіргенімен ешқандай нәтиже болмаған.

Аталған басапасөз мәслизтына қатысқан Қырғыз республикасының Қазақстандағы елшілігінің Алматы қаласындағы бас консулы Назаралы Арипов та қырғыз азаматының қамалуы туралы нарзылығын білдірді.

«Бізге халықаралық талаптарға сай Қырғыз республикасының азааматы қамалғаны туралы 3 күн ішіне хабардар етуі керек. Алайда, бізге ондай арнайы хабарлама келіп түскен жоқ. Ол азаматтың қамауға алынғаны туралы туған-туыстары арқылы естідік. Өз тарапымыздан қажетті құжаттарды шұғыл дайындап, іске кіріскенімізбен әлі күнге дейін  қамауда отырған азаматпен тілдесе алмай отырмыз. Осы мәселеге қатысты ҚР СІМ арнайы нота жібердік. Өкінішке орай бұл дипломатиялық құжатқа қатысты Қазақстандық әріптестеріміз тарапынын ешқандай жауап болмады. Одан кейін екінші рет тағы жібердік. Оған да әлі күнге дейін қандай да бір жауап берілген жоқ. Жақында Қазақстан СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің қызметкері Бақытжан Бөлегеновпен кездесіп жағдайды баяндаған болатынмын. Бірақ, одан да қайыр болмады. Шамалы күн бұрын үшінші рет тағы жолдадық. Оған да әлі күнге дейін жауап ала алмай отырмыз»,-дейді қырғызстандық бас консуль  Н. Арипов.

 «Э.Марқабаев ұсталған соң қанында наркотикалық қоспа бар-жоқтығын анықтау үшін қандай да бір сараптама жасалды ма?»-деген сауалға күдіктінің адвокаты өздері бас тартқандарын жеткізді. «Себебі, олар алып келген аудандық аурухананың наркологына сенбедік дейді», – қорғаушы М. Ибадуллаев. 

 Осы жиынға қатысқан тағы бір қорғаушы Нұрлан Устимиров бұл істің артында «Алтын орда» базары  акциясының 80 пайызына иелік етіп отырған Еркебұлан Хамзин тұруы мүмкін деген болжамын алға тартты. Ол өз сөзінде қалған 20 пайызының иесі, қамауда отырған Эрмек Марқабаевтың жақтасы болған Данияр Әлпиевті қыспаққа алудың әрекеті дейді.

«Меніңше бұл істің артында Еркебұлан Хамзиннің тойымсыздығынан туған әрекеті тұр деп ойлаймын. Себебі, ол бұған дейін Данияр Әлпиевтен қалған 20 пайызды да өзіне өтікізіп беруін сұраған. Алайда, оған Данияр Алтынбекұлы келіспеген. Тіпті, ең болмаса 5 пайызын бер деп те сұраған екен. Меніңше атқарушы директор болған Э. Марқабаевты заңсыз қамауға алу арқылы, қысым жасап,  Д. Әлпиевті өз дегендеріне көндіруге мәжбүрлегісі келетін сияқты»,- дейді  адвокат Нұрлан Жұмақанұлы.

  Оның сөзінше ірі сауда орталығының басшысы болған Э. Марқабаевтың артқы қалтасына наркотикалық ұнтақ салып алып жүріпті деген айып таақылға қонбайтын көрінеді.

 Айта кетейік жақында Президент дәл осы «Алтын орда» базарындағы тәртіпсіздікті реттеу туралы Үкімет пен құқық қорғау орындарына тапсырма берген болатын.  Осы тапсырмадан соң  Үкімет жаныан мобилді комиссия құрылған еді.

Осы жиында сол комиссияның бір мүшесі тарапынан қамауда отырған, Э. Марқабаевқа қатысты бұдан бөлек бірнеше құқық бұзушылық жасағаны туралы арыз-шағымдар түсіп жатқанын да айтып қалды.

 Осыған қатысты баспасөз жиынына қатысқан  «Алын орда» базарының заңгері Сәкен Бақаев, комисияға түскен арыз-шағымдар мен тағылған айыптардың барлығы негізсіз деген жауап айтты.

«Біз «Алтын орда» СО атқарушы директоры болған Э. Марқабаевқа қатысты сіз айтып отырған комиссияға түскен шағымдармен таныстық. Алайда олардың ешқайсысы негізсіз. Біз бұны дәлелдеп мобилдік комиссия басшылығына жіберген жауабымызда көрсеттік» ,-деді «Алтын орданың» заңгері С. Бақаев.

Сондай-ақ оқыңыз