Фото: Астана әкімдігінің баспасөз орталығы
Астанада жаңа ауыз су станциясының бірінші кезеңі іске қосылды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
«Астанада жаңа ауыз су станциясының бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл қалаға тәулігіне 35 мың текше метр су беруге мүмкіндік береді, осылайша қаладағы су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі», делінген хабарламада.
Станцияның құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, гидро сынақтар жүргізілген. Қазіргі таңда іске қосу-баптау жұмысы аяқталып, су дайындау жүйесіне тестілеу жүргізіліп жатыр. Ал жаздың соңында екінші кезеңі қосылады.
«Тамыз айында екінші кезеңін бастау жоспарланып отыр, бұл бірінші кезеңімен бірге есептегенде тәулігіне 100 мың текше метрден астам су береді. Осыған дейін қалада су құбырының құрылысы аяқталып, іске қосылған, бұл судың қысымын арттыруға және жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекеніндегі сорғы-сүзгі қуатын кеңейту жұмыстары да аяқталып қалған. Бұл жобалар келешекте Астананы ауыз сумен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ал жылыту станцияларына келер олсақ, қаланы жылумен жабдықтау мақсатында «Тұран»,және «Оңтүстік-Шығыс» екі газ жылу станцияларының құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса ЖЭО-3-те жұмыстар жүргізілуде, алайда оның құрылысы кешіктірілген. Жалпы жаңа жылыту маусымына дейін юұл нысандар аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мауым айының басында Астанада су тапшылығы сезіле бастады. Премьер-министрдің орынбасары, Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгінов «су болатынын» айтқан.
Бұл мәселеге Тоқаев та ерекше назар аударып, «әкімге қысқа мерзімде тек сумен қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен қатар қаланың маңызды басқа да жүйелерінде дағдарыс жағдайын түбегейлі болдырмау үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдауды» тапсырды.