Bereke Bank доллармен жүргізілетін операцияларды қалпына келтірді

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Bereke Bank (ресейлік Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы) валюталық операцияларды қайта қалпына келтіргенін хабарлады. Енді банк клиенттері ел ішінде, сондай-ақ шетелдік қаржы мекемелеріне төлем, валюталық ақша аударымы және айырбастау операцияларын АҚШ долларында қайта жүргізе алады.

«АҚШ долларында жүргізілетін операцияларды қайта бастау – санкциялық тізімнен шыққаннан кейін Bereke Bank-тің операциялық қызметін қайта қалпына келтіру үшін жасалған  маңызды қадамдардың бірі. Банк қазақстандық Екінші деңгейлі банктерде, сондай-ақ шетелдік корреспондент-банктерде долларда корреспонденттік шоттар ашты», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар банк клиенттері теңгеде, АҚШ долларында, ресей рублінде және юаньда операциялар жасай алады. Банк жақын арада еурода жасалатын операцияларды, сонымен қатар VISA және Mastercard халықаралық төлем жүйелерімен қатынастарды қалпына келтіретінін хабарлады.

Қазіргі Bereke Bank – бұрынғы «Сбербанк Қазақстан» банкін «Байтерек» ҰБХ 2022 жылдың қыркүйегінде сатып алған еді.

Содан бері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі  – банктің негізгі акционері. Қыркүйекте банк ребрендинг жүргізіп, Bereke Bank атауын иеленді.

9 наурызда Bereke Bank ресми түрде АҚШ санкцияларынан шығарылғанын хабарлады. 2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.

2023 жылдың басында Банк пруденциалдық нормативтерге сәйкес капиталдың жеткіліктілік коэффициентін теңестіре алды, әрі барлық негізгі көрсеткіштерін жақсартқан. Қаржы ұйымының басшысы Андрей Тимченконың айтуынша, санкциялардың алып тасталуына байланысты банкті сапалы дамыту және нығайту бойынша алға үлкен жоспарлар қойылды.

Санкцияларды алып тастауға акционердің және банктің атауының өзгеруі ықпал еткен.

«Бәйтерек» холдингі банктің қаржылық жағдайы тұрақтанған соң, жаңа инвесторға сатпақ. ҚНРДА Bereke Bank инвесторға сатылған кезде шыққан шығын өтеледі деп тұжырымдайды.

Таза табысы жоқ Bereke Bank 2022 жыл үшін дивиденд төлемейді.

Сондай-ақ оқыңыз