Polymetal-дың Қазақстанға көшуі кешіктіріледі

Жарияланды
shutterstock

Ең ірі күміс өндіруші және Ресейдегі жетекші алтын өндіруші компаниялардың бірі Polymetal International plc  компаниясын Джерси оффшорлық аралынан Астана халықаралық қаржы орталығына орналастыру 31 шілдеден кейін жүзеге асады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Бұған дейін «Astana Finance Days» конференциясында Polymetal International PLC компаниясының Инвесторлармен байланыс жөніндегі директоры Евгений Монахов компания Қазақстанға шілденің ортасына қарай толық көшіп болатынын мәлімдеген.

«Polymetal International plc» 2023 жылғы 30 мамырдағы жалпы жиналыста акционерлер бекіткен Қазақстандағы «Астана» халықаралық қаржы орталығына редомициляциялау кестесінің өзгергені туралы хабарлайды… Компания редомициляцияға қажетті шарттарды орындап жатыр, алайда қайта құруға байланысты процестердің кешігуі нәтижесінде жоспарланған кестеге үлгере алмай жатыр«, делінген компанияның веб-сайтында.

Компания өз акционерлеріне нақты жаңартылған редомициляция кестесін Нормативтік ақпарат қызметі арқылы хабарлайтынын жеткізді.

«Редомициляция үрдісі 2023 жылғы жылдық жалпы жиналысы аяқталғаннан кейін ғана орындалатынын ескере отырып, бұл үрдістің 2023 жылдың 25 шілдесіне жоспарланған мерзімде аяқталмайтынын, тек 31 шілдеден басталатын аптада жүзеге асатынын хабарлаймыз», делінген баспасөз ақпаратында.

«Полиметалл» АҚ және оның еншілес компанияларындағы бас атқарушы директор Виталий Несис пен компанияның қаржы директоры Максим Назимок басшы қызметтерінен босаған. Ресейдегі қызметінен босағанымен, олар компанияның Қазақстандағы филиалында өз орындарын сақтап қалады. Қайта редомициляция процесі аяқталғаннан кейін олар барлық қолданылатын санкция талаптарын толық сақтай отырып, жұмысын жалғастырады.

Ал компанияның стратегиялық даму жөніндегі атқарушы вице-президенті Павел Данилин «Полиметалл» АҚ және оның барлық еншілес компанияларындағы еңбек қызметін толығымен тоқтатқан. Сондай-ақ компания «Полиметалл» мен оның еншілес компаниялары санкциялық режимді бұзбау үшін Ресейден тыс жерде қызмет көрсетуге қатысты барлық келісімдерді бұзғанын хабарлады.

«Полиметалл» компаниясын директорлар кеңесі мен комитет Қазақстандағы активтерге қазіргі жағдайлардың әсер етпеуі үшін және еншілес компаниялардың санкцияға байланысты тәуекелдерін жою үшін Қазақстандағы Қызыл кен орнында өндірілген отқа төзімді кеннен алынған концентратты өңдеудің қолданыстағы схемаларын қайта құрылымдау мәселесін қарастырып жатыр.

2018 жылдың 25 маусымында Қызылда барлық құрылыс және іске қосу жұмыстары аяқталғаннан кейін бірінші алтын концентраты алынды. Ал 2018 жылдың қыркүйегінде ол қазба байлақытары Ресейдің Қиыр Шығысындағы Амур гидрометаллургиялық зауытына жеткізіле бастады.

«Полиметалл» компаниясы Қазақстандағы еншілес компанияларының Ресейдегі санкцияланған активтерінен тәуелсіз болуы үшін Павлодардағы «Ертіс» тау-кен металлургия кешенін іске қосу жұмыстарын жеделдете түспек.

Маусым айының соңына дейін «Полиметалл» директорлар кеңесі мен Комитет Ресейдегі «Полиметалл» мен оның еншілес компанияларына меншік құқығын тоқтатудың барлық ықтимал нұсқалары туралы есеп беруге уәде берді. 30 мамырда Polymetal акционерлерінің 92%-ы Джерсиден АХҚО-ға көшуге дауыс берген.

Сонымен бірге «Полиметалл» Қостанайда орман егуге ниетті. Компания Қостанай облысында орман өсіру жобасына қатысады. Жобаның бірінші кезеңі 2025 жылы басталады. Алғашқы кезеңде 750 гектар аумаққа көшет егуді көзделіп, отыр. Жалпы жоба бойынша 1,5 мың гектар жерге орман егіледі деп көзделіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз