Жаңалықтар

Қазақстаның 21 жоғары оқу орны университеттердің жаһандық рейтингіне енді

вузы
Фото: T.me/gylym_jogary_bilim

Қазақстанның 21 жоғары оқу орны әлемнің ең үздік университеттерінің қатарына кірді. QS World University Ranking жариялаған рейтингке биыл еліміздің 9 қаласында орналасқан ЖОО енген. Былтыр бұл тізім қатарынан Қазақстанның 16 жоғары білім ордасы табылған еді.

Рейтингке әлемнің түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық университет қатысып, соның ішінде 104 елден 1,4 мыңнан астам университет үздіктер қатарына енді.

«Рейтингтегі қазақстандық жоғары оқу орындарының саны өткен жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда бес есе (+31,25 %) және 2021 жылғы институционалдық рейтингтегі еліміздің университеттер санымен салыстырғанда екі есеге артты», – делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар, әлемнің үздік университеттерінің QS World University Rankings рейтингіне 5 қазақстандық ЖОО алғаш рет енген: Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Нархоз университеті, Сүлейман Демирел атындағы Университет, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, М. Х. Дулати атындағы Тараз аймақтық университеті.

QS World University Rankings – британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының әлемнің ең үздік университеттері жайлы жаһандық зерттеуі және жыл сайынғы рейтингі.

Бұл рейтингте дүние жүзіндегі 20 000-нан астам университет бағаланады. Рейтингке ие болу үшін университеттер жыл сайын арнайы белгіленген форматта ауқымды мәліметтер ұсынады.

QS бұған дейін алты критерийге негізделіп келген: академиялық беделі – 40%; жұмыс берушілер арасындағы беделі – 10%; оқытушылар құрамының студенттер санына қатынасы – 20%; сілтеме индексі – 20%; шетелдік оқытушылардың үлесі – 5%; шетелдік студенттердің үлесі – 5%.

QS-тің Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Сергей Христолюбовтың айтуынша, 2023 жылы университеттердің ғылыми метриялық көрсеткіштеріне қойылатын талаптарды күшейту үшін тағы үш жаңа көрсеткіш қосылған. Олардың қатарында ғалымдардың шетелдік әріптестермен бірлесіп шығарған ғылыми еңбектерінің үлесі, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі мен үздік түлектер саны бар.