Биыл LRT-ға 50 млрд теңге бөлінді: 2 жылда 8 станция іске қосылады – Қасымбек

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Алдағы екі жылда LRT құрылысы аяқталып, бірінші кезеңі бойынша 8 станция іске қосылады. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Осы жылы LRT құрылысын жалғастыруға 50 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат туралы шешімді өткен жылы қабылдағанбыз. Бұл құрылысқа шамамен 600 млн доллар қаражат жұмсалды. Жалпы құрылыстың бірінші кезеңін аяқтауға шамамен 500 млрд теңге керек болады. Бұл қаражаттың жартысы құрылысқа жұмсалып үлгерді», деді әкім.

Әкім 2 жылда құрылыс жұмыстарының аяқталып, бірінші кезеңі бойынша станциялар іске қосылатынын мәлімдеді.

«Бізге құрылысты аяқтауға қосымша 2 жыл қажет болады. Атап айтқанда, бірінші кезеңін іске қосу үшін осышама уақыт керек болады. Алғашқы кезеңде 8 станция ашылып, онда 5 пойыз жүретін болады. 2030 жылға қарай халық саны 2 млн-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Сол себепті де, мұндай көлік қатынасы кез-келген ірі мегаполисте болуы тиіс деп ойлаймын», деді қала басшысы.

Астана қаласында бірталай жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған LRT құрылысы жемқорлықтың мемориалына айналып кеткен болатын.

«Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба», деп бағалаған Мемлекет басшысы бұл жобаның болашағын бір жақты қылуды тапсырып, ол үшін отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақыру керегін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз