Жаңалықтар

ЕуроОдақ санкциялары Қазақстанға әсер етпейді – Люксембург сыртқы істер министрі

Фото: СІМ

ЕуроОдақтың 11 санкциялар пакеті Қазақстанға зиянын тигізбейді. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Люксембургтің Сыртқы және Еуропа істері министрі Жан Ассельборнмен келіссөздері барасында көтерілді.

Жалпы, соңғы жылдары Қазақстанның Еуропа елдерімен сауда айналымының көлемі артқан. Атап айтқанда, 2022 жылы Люксембургпен тауар айналымы осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында 4,5 есе артқан.

«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту біз үшін қарым-қатынастарды дамытудың тиімді драйвері болып табылады. Сондықтан біз бұған ерекше мән береміз. 2022 жылы тауар айналымымыз 2,5 есе, ал ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір аралығында 4,5 есе өсті. Қазақстан тарапы біздің нарыққа кіруге ниетті Люксембург компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ сыртқы нарыққа дайын өнімді бірлесіп шығаруға дайын», дейді министр.

Келіссөз нәтижесінде Еуропадағы ең ірі жүк тасымалдаушы авиакомпанияларының бірі CargoLux Астана халықаралық әуежайы арқылы Еуропа-Азия рейсін ашатын болды. Осылайша Қазақстан Батыс пен Шығысты байланыстыратын көпір болмақ. Сонымен бірге келіссөз барысында көлік пен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалануға қатысты келісімге келіп, құжаттарға қол қойылды.

Өз кезегінде Люксембургтің сыртқы істер министрі Еуропа мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық байланыстың артуына ЕО салып жатқан санкциялардың әсер етпейтінін ескертті. Сонымен бірге Люксембург өкілі Қазақстанның географиялық орналасуын, сондай-ақ көпжақтылыққа негізделген теңгерімді және көпвекторлы сыртқы саясатын толық түсінетінін айтты.

«Біздің санкцияларымыз үшінші елдерге әсер етпейді. ЕО сауда серіктесі ретінде үшінші елдердің қарым-қатынасына араласпайды. Мен тағы екі нәрсені атап өткім келеді. Бұл соғыс еуропалық соғыс емес, Еуропаның бұл соғысты тоқтатуға мүмкіндігі жоқ, бұл соғыс біздің құндылықтарымызға да қарсы. Екіншіден, тыңайтқыштарды немесе астықты экспорттауға, шектеулер, санкциялар жоқ. Қазақстан өз аумағын біздің санкцияларды айналып өту алаңы ретінде пайдаланылмайтынын ашық айтты және бұл өте маңызды. Жаңа геосаяси шындықты ескере отырып, ЕО халықтарымыздың игілігі үшін ортақ мәселелерді шешу үшін Қазақстан сияқты серіктестермен күш біріктіргісі келеді. Біздің түпкі мақсатымыз тұрақты өсу мен даму болмақ«, деді ол.

Келіссөз барысында Мұрат Нұртілеу виза мәселесіне тоқталып, бұл орайда екіжақтың азаматтарына да әділ жағдай жасалуы тиіс екенін баса айтты.

«Люксембург азаматтары басқа еуропалықтармен қатар Қазақстанға туристік немесе іскерлік визасыз кіре алады. Бұл жерде әділ болуымыз керек сияқты. Шенген келісіміне Люксембург аумағында қол қойылғанын ескере отырып, мен Ассельборн мырзадан Еуропалық Одақпен Қазақстан азаматтары үшін визаларды либерализациялау бойынша ресми консультацияларға қолдау көрсетуді сұрадым«, деді министр.

Люксембург өкілі бұған:

«ЕО өкілі ретінде біз өз тарапымыздан жасай алатын ең маңызды және ең оңай нәрсе – Қазақстанның ЕО-мен қарым-қатынасын тереңдету бойынша нақты қадамдарды жүзеге асыру. Біз Қазақстанмен визасыз режимді орнату бойынша өте жоғары деңгейде диалог жүргіздік және біз мұны жақсы бағытқа жылжыту үшін бар күшімізді саламыз», деп жауап берді.

Сонымен бірге Жан Ассельборн Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастаған реформалар үдерісін жоғары бағалайтынын, ЕО-ның Қазақстанды демократияландыруда және саяси реформалар жолында қолдауын жалғастыратынын мәлімдеді.

Жан Ассельборн өзінің ресми сапары барысында мемлекет басшысы Тоқаевпен де кездесіп, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.