Доллар апта басынан бері 7 теңгеге қымбаттады

Жарияланды

Осы аптада АҚШ доллары бірден 7 теңгеге қымбаттады. Ұлттық банктің 30 маусымға белгілеген доллар бағамы – 454,13 теңге. Бұл 2023 жылдың 28 сәуірінен бергі ең жоғары көрсеткіш, деп жазады Бірінші несие бюросы.

Бір тәулікте ұлттық валюта АҚШ долларына қатысты 0,8% немесе 3,77 теңгеге әлсіреді. Апта басынан бері 1,6%-ға немесе 7,08 теңгеге құнсызданды.1 маусымда доллар 448,13 теңгеден сатылған.

Еуро бағамы да кейінгі екі айдағы шарықтау шегіне жетті: 495,68 теңге. Бүгін еуро ұлттық валютаға қатысты 0,6%-ға немесе 2,94 теңгеге нығайды.

Ал рубльдің құнсыздануы жалғасып жатыр. Бүгінде ол 2022 жылдың 29 наурызынан бергі ең төменгі деңгей – 5,22 теңгеге жетті.

Валюта бағамына қатысты пікір білдірген Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов бағам сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады деді.

«Бұл ретте валюта бағамы- еркін де құбылмалы, сұраныс және ұсыныспен анықталатынын еске салып өткім келеді. Ұлттық банк қажет болған жағдайда интервенция жасауға құқылы және оған мүмкіндігі бар. Біз аз уақытта валюта бағамының қатты құбылуына жол бермейміз. Дегенмен бұл ретте нарықтық валюта бағамына араласпаймыз. Бұл мүлдем басқа нәрсе», деді ҰБ басшысы Мәжіліс кулуарында.

Пірматов Ұлттық банкке үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын, десе де валюта бағамын нарық өзі анықтау керек екенін айтады.

«Валюта бағамын нарық анықтауы тиіс. Біздің ұстаным – осы. Алайда Ұлттық банк нарықтағы шамадан тыс құбылуға жол бермейді. Біз нақты бір валюта бағамын мақсат етіп отырған жоқпыз», – деді Пірматов.

 Бұған дейін ҰБ сауалнама жүргізген сарапшылар алдағы уақытта доллар қымбаттауы мүмкін деген болжам жасаған еді. Биыл доллар бағамы 459 теңге шамасында болса, 2024 жылы ол 477 теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал. Ал 2025 жылға бағам болжамын сарапшылар 510 теңгеден 500 теңгеге түсірген.

Сондай-ақ оқыңыз