Фото: kursiv.media
Қаржы министрлігінің 7 қызметкері прокуратура ойынханадан ұстамай тұрып-ақ жұмыстан шығарылған, ал қалғандарына сөгіс жарияланды. Бұл жайлы Қаржы министрлігіне жолданған ресми сауалға алынған жауап негізінде Рrotenge телеграмм арнасы жазды.
Телеграм арнасының журналистері ведомствоға осы мәселеге қатысты сұрау жіберіп, Қаржы министрлігінен жауап алған. Құмар ойынға әуестенген министрліктің 24 қызметкерінің үшеуі сөгіс пен қатаң сөгіс алған. Ал үшеуі тағайындау мерзімінің өтуіне байланысты жаза алмаған. Тағы 7-уі ойынханада ұсталмай тұрып жұмыстан босатылған, қалған 9-ы казинода болған, бірақ құмар ойындарға қатыспаған, тағы 2 адам ол кезде министрлікте жұмыс істемеген болып шықты.
Бұл жайлы Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламент кулуарында та пікір білдірді. Ол бірақ министрліктің 24 қызметкері емес, 25 қызметкеріне қатысты прокуратурадан мәлімет келгенін айтқан.
«Бізде бұл мәселемен аппарат басшысы айналысады. Ол тікелей кадр мәселесіне жауап береді. Біз бұл мәселені тек заң аясында қарастырамыз. Қателеспесем, бізде 25 қызметкерге қатысты ақпарат болған. Барлығы бойынша тиісті шара қабылдаймыз. Оның ішінде өз еркімен жұмыстан кеткені, тәртіптік жазаға тартылғаны бар. Сондықтан біз әрбір қызметкермен жеке-жеке қызметтік тексеріс жүргізіп барып, шешім қабылдадық», деген министр.
Өткен жылы Бас прокуратура ойынханаларға 507 миллион теңге салған 305 мемлекеттік қызметкерді анықтады. Ол тізімде Ішкі істер, Білім, Қаржы министрліктерінің, Жоғарғы Сот, Қаржы мониторингі агенттігінің, Антикордың және тағы да басқа орган қызметкерлері бар болып шықты.
Енді Жоғарғы Сот, Қаржы мониторингі агенттігі, Антикор және басқа да мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша есеп беруі тиіс.
Сейсенбі күні Қаржы мониторингі агенттігі Атырау, Ақтау және Ақтөбе қаласында онлайн-казино ашып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарды ұстады. Бұл ұйымдардың бір күндегі қаражат айналымы 800 мың теңгені құраған. Қазіргі кезде сотқа дейін тергеп-тексеру амалы жүргзіліп жатыр. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға пайдаланылған карт шоттарға түскен қаражат 3 млрд теңгеден асқан.
Бұған дейін агенттік TikTok-та құмар ойындарға тартатындар көбейіп бара жатқанын ескерткен еді. TikTok желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 4 айда 13 млн теңгеге жуық табыс тапқан. Тергеу қорытындысы бойынша олар 1,5 жылға бас бостандығынан шектелді.
Былтыр 9 айда құмар ойын мен бәс тігу қызметінің көлемі 456,2 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5 есе артық.