Фото: Энергетика министрлігі
Елімізде 1 шілдеден электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сату моделі күшіне енеді. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы болып Энергетика министрлігіне бағынатын – «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы – есеп айырысу орталығы» ЖШС анықталған.
Бұл – энергия жүйесіндегі теңгерімсіздікті, электр энергиясы тапшылығын, энергия өндіруші ұйымдардың әртүрлі тарифтеріне байланысты қолға алыған шара.
Электр энергиясын бірыңғай сатып алу:
- электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлықты болдырмауға;
- электр станцияларының техникалық мүмкіндігі негізінде тәуліктік кестелерді қалыптастырудан бас тарту және тұтынушылардың нақты графиктерге көшуі есебінен көрші мемлекеттердің энергия жүйелерімен электр энергиясы ағындарының ауытқуын барынша азайтуға;
- жұмыс істеп тұрған станциялардың ағымдағы тарифтерімен тапшылық кезінде жаңадан іске қосылатын энергия көздерінің жоғары тарифтерін және импорттық электр энергиясының бағаларын теңестіруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ болашақта өңірлер арасында электр энергиясына тарифтерді теңестіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Электр энергиясы мен қуаты рыногының Қазақстандық операторы» электр энергиясын орталықтандырылған электронды сауда-саттық алаңында электр стансияларынан бір тәулік бұрын сатып алады.
Отандық электр станцияларынан алған электр энергиясы жетпесе, көрші мемлекеттерден алады. Импорттық электр энергиясының құны барлық көтерме тұтынушыларға бірдей бөлінеді.
Электр энергиясы:
- елдегі ЖЭО-дан;
- ҚЕАО-мен ЖЭК-ті қолдау тетігі бойынша келісімдері бар ЖЭК объектілерінен;
- тендер мен аукцион бойынша енгізіл ген жаңа дәстүрлі электр станцияларынан;
- Энергетика министрлігі жаңғыртуға, реконструкциялауға және кеңейтуге арналған инвестициялық келісімдер бойынша енгізген энергия қуатынан сатып алынады.
Бұл тізбеге кірмейтін электр станциялары ең төменгі құнды ұсыну арқылы сұраныс үшін бәсекелеседі.
1 маусымнан елдегі электр энергиясының тарифтері көтерілді. Министрлік елдегі станциялардан түскен өтінімдерді қарастырып, 47 энерго ұйымның 27-сі бойынша шекті тарифтерді түзеткен. Тарифтердің орташа өсімі шамамен 24% құрайды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдарының генерациялаушы қуатының тозуы шамамен 58%-ды құрайды. Соның ішінде бірқатар ЖЭО-да тозу деңгейі 90%-ға дейін жеткен. Айталық, Степногор ЖЭО-сы – 82%, Риддер ЖЭО-сы – 75%, Орал ЖЭО 86% тозып түр.