Швейцариялық компания Ядролық физика институтының әзірлемелеріне инвестиция салады

Жарияланды
Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

Энергетика министрлігіне қарайтын Ядролық физика институты мен швейцариялық «Ostro Minerals» арасында Институт жүргізіп жатқан әзірлемелерге инвестиция салу жөніндегі құжаттарға қол қойылды.

Энергетика министрлігі таратқан хабарламада министр Алмасадам Сәтқалиев пен «Ostro Minerals» компаниясының президенті Морис Сэмюэль Остромен кездесуі барысында қол қойылған бұл келісімнің нақты шарттары туралы ақпарат жоқ.

Дегенмен, «Ostro Minerals» компаниясы Ядролық физика институтының (ЯФИ) – өнеркәсіптік және медициналық мақсаттағы радиоактивті изотоптардың (радиофармпрепараттар) өнімдеріне қызығушылық білдіргені айтылған.

Ақпаратқа сәйкес, ЯФИ базасында онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін радиофармпрепараттар, сондай-ақ өнеркәсіптік мақсаттағы радиоизотоптар өндіріледі.

«Институт еліміздің медициналық мекемелеріне жеткізілетін Қазақстандағы радиофармпрепараттардың барлық көлемінің 90%-ын өндіреді», делінген хабарламада.

Бұған дейін Энергетика министрлігі ЯФИ базасында өндірілетін өнеркәсіптік және медициналық радиоизотоптар желісін кеңейту, сондай-ақ Еуропа елдеріне экспортты ұлғайту үшін Ядролық физика институтына инвестициялар тарту жөнінде бірқатар келіссөздер жүргізген.

2022 жылы Институт өз өнімдерін алғаш рет Германияға жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз