Шетелдік көліктерді әкеліп, есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды – Тоқаев

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Тоқаев ІІМ алқа мәжілісінде Қазақстан жолдарында тіркеусіз жүрген көліктерді заңдастыруда қылмыстық схемалар орын алып жатқанын айтты. Президент құқық қорғау органдарына осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуды тапсырды.

Ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жіберген болатын. Мемлекет басшысы мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзып және көбіне жазасыз қалатынын айтып өтті.

«Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші болды. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, шетелдік көліктерді заңдастыру туралы Заңды Сенат 2022 жылдың қарашасында қабылдаған болатын. Шетелдік автокөліктерді алғашқы тіркеу құны 200 мың теңге деп бекітілді.

Қазақстанда 23 қаңтардан елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді есепке алу шарасы басталды. Заңдастыру ережесіне сәйкес, жеңіл машина, шағын және орташа автобустар мен кішігірім жүк көліктері тіркеледі.

ІІМ дерегі бойынша, бұған дейін елімізде 300 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі көлік жүрген. Бұл көліктің көбі ЕЭО-ға мүше үш елдерден келген: Ресейден — 259 927, Қырғызстаннан — 25 546, Армениядан — 17 911.

16 маусымдағы жағдай бойынша, 161 мың автомобиль заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтіп тұр. Сондай-ақ, 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автомобиль-конструкторлар қазақстандық есепке қойылған. 

1 шілдеден бастап шетелден келген автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтатылады.

Сондай-ақ оқыңыз