1-шілдеден бастап елімізде не өзгереді, қандай заңнамалық құжаттар күшіне енеді?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

1 шілдеден бастап елмізде заңнамаларға жасалған бірталай өзгерістер күшіне енеді.

1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Бұл құжат бойынша ұлттық демографиялық саясаттың факторы ретінде ана мен баланы қолдауға басымдық беріледі. Еңбек нарығын дамыту және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді ұйымдастырудың жаңа тәсілдері қолданылады. Сонымен бірге аз қамтылған отбасыларға олардың материалдық әл-ауқатын жақсартуға көмек көрсету, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, мүгедектерді әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру, асыраушысынан айырылған адамдарды әлеуметтік қолдау күшейтіледі.

1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар зейнеткерлер тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалана алады.

Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты Еңбек кодексіне де бірқатар жаңалықтар енгізіледі. Атап айтқанда, 4 күндік жұмыс аптасын, икемді жұмыс кестесі енгізіліп, такси жүргізушілері мен курьерлердің жұмысы заңмен реттеліп, салық төлей бастайды. Атап айтқанда Яндекс, Glovo платформасында жұмыс істейтіндер ресми жұмыспен қамтылған деп танылады.

Сонымен бірге «Көші-қон туралы» заңға түзетулер енгізілді. Оған сәйкес «Ата жолы» картасы қарастырылған. «Ата жолы» картасы бойынша этникалық қазақтар арасынан сұранысқа ие кәсіп иелеріне 10 жылға дейінгі мерзімге арнайы құжат беріледі.

«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және кандастарымен тең құқыққа ие.

1 шілдеден Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік артады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тұрмыста қол көтергендерге қолданылатын жаза қатаяды. Атап айтқанда, тұрмыстық бұзақыларды қамауға алу мерзімі ұзартылған. Заңға сәйкес екі тарап татуласқан жағдайда да, қол көтерген адам әкімшілік жауапкершіліктен босамайды.

Сонымен бірге Ұлттық санақтарды өткізу ережелері мен мерзімдері бекітілді. Ұлттық санақтарға халық санағы мен ауыл шаруашылығы санағы жатады. Ережеге сәйкес ауыл шаруашылығы санағы он жылда бір рет өткізілсе, халық санағы дүниежүзілік санақтың келесі кезеңін өткізу кезінде жүргізіледі. Санақ жүргiзу туралы шешiмдi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Үкiмет қабылдайды.

1 шілдеден бастап микро қаржылық ұйымдардың ең төменгі жарғылық капиталы ұлғайтылады.
МҚҰ жарғылық капиталының ең аз мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап – 150 000 000 теңге болса, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 200 000 000 теңгеге көтеріледі.

Сондай-ақ оқыңыз