Алматыдағы былық: «Сібір жарасы» көмілген аумаққа жақын маңға тұрғын үй кешені салынған

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Алматы қаласының жер және қала құрылысы салаларында жемқорлық тәуекелдерін анықталды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Агенттік қала құрылысынан бірталай олқылықтарды анықтаған. Біріншісі, қала құрылысы жүйелі жоспарланбаған. Талдау барысында Алматының бас жоспары 2011 жылдан бері жаңартылмағанын, осыған байланысты 63 мың гектардан астам жердің функционалдық аймақтары экологтардың, СЭҚ және ТЖ органдарының қатысуынсыз өзгерген. Ең қауіптісі, «Тау алыбы» шағын ауданында сібір жарасы көмілген орынға жақын жерде тұрғын үй кешендері белсенді салына бастаған.

Екіншіден, әкімдіктің лауазымды адамдары жердің нысаналы мақсатын өз қалауы бойынша өзгертіп отырған. Мысалы, саяжай учаскелерінің орнына ЖТК салынған. Мұндай өзгеріс салдарынан кадастрлық құн айырмашылығын төленбеген. Мысалы, 2021 жылы қала тұрғындарының бірі 2 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатын «ЖҚШ»-дан «ЖТҮҚ» – ға өзгерткен. Алайда кадастрлық құнның 126 млн теңге мөлшеріндегі айырмасы төленбеген.

Үшіншіден, әкімдіктің лауазымды адамдары сауда-саттық жасамастан кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларға арналған учаскелерді жалға берген. Жалған пайдалануға беру арқылы жерлер жеке меншікке сатып алынған. Бұдан мемлекет жоғалтқан шығын шамамен 400 млн теңгені құраған.

Төртіншіден – құрылыс процестері жемқорлық факторларына толы боп шыққан.

Бесінші олқылық – мемлекет құрылысты бақылауда әлсіз боп шыққан. Мәселен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының шенеуніктері екі құрылыс салушыға қатысты рұқсатсыз құрылыс үшін тек әкімшілік жаза қолданған.

Сонымен бірге құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтер үстіртін цифрландырылып, электрондық форматта құжаттарды қабылдау процесі ғана қамтылған. Ашық емес процедуралардың арқасында «көмекшілер» нарығы пайда болған.

Антикор талдау барысында тұрғын аймақтан 229 гектар жерді рекреациялық аймаққа қайтару бойынша ұсыныстар берген.

Барлық сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Агенттікте 8 қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Сондай істің бірі қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты басталған. Мемлекет қажеттілігі үшін әкімшілік тарапынан жер учаскесін сатып алғаны үшін жеке басына 45 млн теңге сомасында пара алған ол қамалып, сотқа дейінгі тергеу басталған.

Тергеу барысында агенттік осы басқарманың лауазымды тұлғалары аффилирленген бағалаушының көмегімен жеке жер иелерінің мүддесі үшін мемлекеттік сатып алуға жататын 8 учаскенің құнын негізсіз көтергені анықталған. Нәтижесінде мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 млрд теңге артық төлеген.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметінде де анықталған. Басқарманың лауазымды адамдары мемлекет мүддесіне қайшы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерде коммерциялық мақсатта 11 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын салуға келіскені белгілі болған. Нәтижесінде мемлекетке аталған жер учаскелерінің жалпы сомасы 760 млн теңгеден астам төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келген.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіхалықов Антикор келтірген бұл олқылықтардың болашақта түзелетінін мәлімдеді. Соның ішінде сібір жарасы көмілген қауіпті аймақ мемлекет меншігіне өтетінін айтты.

«Талдау шеңберінде сібір жарасы көмілген жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою ұсынылды. Бұл аумақта бұрын санитарлық қорғау аймағы белгіленбеген, сондықтан тиісті кадрлық шешім қабылданды. 2023 жылдың 25 сәуірінде аталған жер телімін мәжбүрлеп алып қою туралы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы шықты», деді әкімнің орынбасары.

Сонымен қатар Әлішер Әбдіхалықов Алматының таулы аймақтарында заңсыз салынған 52 нысанға қатысты қолданылып жатқан шаралар туралы айтып өтті.

«Сотпен 8 нысанды бұзу туралы қаулылар шығарылды, 23 нысан бойынша рұқсат құжаттарын бұзу және жою бойынша сот өндірісі жүргізілуде, 21 нысан бойынша сотқа талап-арыз беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде» деді ол.

Әкімшілік өкілі мұндай заңсыз салынған нысандарды мәжбүрлеп бұзу түріндегі жауапкершілікті заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынды. Сонымен бірге Алматы қаласының әкімдігі агенттіктің талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз