«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қылмыстық жаза арқалаған кәсіпкерлер түрмеде отырмай-ақ, орнына айыппұл төлесін деген бастама көтеріп отыр. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров кәсіпкерлер үшін қылмыстық жазаны монетизациялау – Қазақстан қылмыстық заңнамасын дамытудың маңызды қадамның бірі деп тұжырымдайды.
Палата өкілдері қылмыс жасаған кәсіпкерді бірден ас бостандығынан айырмай, балама ретінде еселенген айыппұл салу керек деген ұсыныс айтады. Бұндай артықшылық тек лауазымды тұлғаларға ғана беріліп келеді.
«Қылмыстық заң, егер кәсіпкер өз еркімен келтірген залалды өтесе, оны бас бостандығынан айыру сияқты жаза шараларын қоспағанда, келтірілген залалды өтеуге және жағымсыз салдарды азайтуға бағытталуы керек. Көп жағдайда сотқа дейінгі тергеу барысында шектеу шараларына байланысты (шоттарды бұғаттау, құжаттаманы алу және т.б.) кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі тоқтатылады, Ал айыптау үкімі шығарылғаннан кейін іс жүзінде тоқтатылады. Бұл жалпы қазақстандық бизнестің дамуына кері әсерін тигізеді», – деді Ербол Өстеміров.
Қазіргі кезде кінәлі адам келтірілген моральдық залалы өтесе, бас бостандығынан айырылмайтын да мүмкіндік қарастырылған. Алайда, бұл тәртіп бизнес субъектілеріне қатысты экономикалық қылмыстары үшін ғана қолданылады.
«Сондықтан біз кәсіпкерлер үшін экономикалық құқық бұзу бойынша ғана емес, басқа да қылмыстық құқық бұзуға қатысты балама жаза енгізуді ұсынамыз. Бірақ жәбірленушіге келтірілген залал ерікті түрде өтелуі тиіс. Егер бапта бас бостандығынан айырудан басқа жазаның балама түрі көрсетілмесе, онда оларды кәсіпкерлік субъектілері үшін бөлек қарастыру керек», – деп толықтырды спикер.