Азық-түлік бағасы біртіндеп төмендеп келеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Соңғы бір жарым жылда алғаш рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апталық индексінің төмендеуі тіркелді. Апталық төмендеу көрсеткіші -0,1%, бір айдағы көрсеткіш -0% құраған.

2023 жылдың алғашқы алты айында ӘМАТ бағасының индексі 4,2% құраған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 4 есе аз. Өткен жылыбұл көрсеткіш 17,2% болған.

Бағалардың түсуіне өткен жылдың аяғынан бастап Үкімет қабылдаған бағаны тұрақтандыру бойынша қолға алған шаралар себеп болған. Атап айтқанда мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырып, «айналым схемалары» жолға қойылған, негізгі азық-түлік тауарлары тікелей өндірушілерден форвардтық сатып алуға қайта форматталған.

Сонымен бірге отандық қант зауыттарына айналымдық қаржыландыру бөлінген, өңірлердің тұрақтандыру қорларында көкөніс қорларын қалыптастырылып, маусымаралық кезеңде жаппай тауарлық интервенциялар жасалған. Бұдан басқа, азық-түлік тауарларын өндірушілердің мүдделерін ескеретін шекті және шекті бөлшек бағаларды белгілеу тәсілі қайта қаралды. Делдалдық схемаларды тергеу және делдалдыққа жол бермеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы да күшейтілген.

Азық-түлік инфляциясының деңгейін екі есеге төмендетуге бағытталған бұл жұмыстың тиімділігін одан әрі тұрақтандыру және арттыру үшін Сауда және интеграция министрлігі ӘМАТ бағасының жалпы индексінде айтарлықтай салмағы бар әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсететін жаңа қағида әзірледі. Оған сәйкес өндірушілерге айналым схемасы шеңберінде қарыз беру тетігі енгізіледі.

Сауда және интеграция министрлігі жәрмеңкелер ұйымдастыруды әлеуметтік өнімдердің бағасын тежеудің тағы бір тиімді құралы деп бағалайды. Өткен аптада Қызылорда облысында күріш жәрмеңкесі өтіп, елдің әр өңірінен келген әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен бизнес өкілдері 3 млрд теңге сомасына 7,6 мың тоннадан астам көлемде бүкіл ел бойынша күріш жеткізуге арналған меморандумдар мен шарттарға қол қойған.

Азық-түлік бағасының төмендеуі инфляцияның да бәсеңдеуіне себеп болды. Ұлттық банк 2023 жылдың мамыр айында елде жылдық инфляция баяулап, 15,9%-ды құрағанын мәлімдеген болатын. Аймақтар бойынша инфляция 19 өңірде төмендеген. Тек Ақмола облысында бұрынғы 17,6% деңгейіндегі мәнін сақтай отырып, өзгермеген.

Сондай-ақ оқыңыз