Фото: kursiv.media
ҚДКБҚ теңгелік депозиттердің бүкіл түрі бойынша тамыз айына арналған шекті мөлшерлемесін шілдедегі мәнінде өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы баспасөз қызметі хабарлайды.
Айталық, толықтырылатын-толықтырылмайтын мерзімсіз депозиттердің шекті мөлшерлемесі 16,3 пайыз деңгейінде қалды.
Ал мерзімді депозиттердің жинақ уақытына қарай, шекті мөлшерлеме әртүрлі. 3 ай мерзімге ашылған толықтырылмайтын депозиттің шекті пайызы 17,3-ке дейін жетсе, 12 айлық депозит мөлшерлемесі – 14,8 пайыз. Ал толықтырылатын депозит мөлшерлемесі сәл төмендеу: 3 айлық депозиттікі 16,8 пайыз болса, 12 айға ашылған, үстінен ақша салынып отыратын депозиттің сыйақысы 14,5 болып белгіленуі мүмкін.
Жинақ депозиттерінің пайыздық мөлшерлемесі сәл жоғары. 3 айлық толықтырылмайтын жинақ депозитінің шекті мөлшерлемесі 18,3 пайыз болса, толықтырылатын депозиттікі – 17,8. Ал 12 айлық жинақ депозитінің шекті мөлшерлемесі 16,9 деңгейінде бекітілген.
«Екінші екінші деңгейдегі банктер өздерінің депозиттік өнімдеріне қатысты сыйақы мөлшерлемелерінің көлемі қандай болатындығы туралы шешімді өз бетімен қабылдайды. Осыған байланысты банктер өтімділікке қатысты қажеттіліктеріне қарай, сондай-ақ қаржылық және экономикалық ахуалдарға берілетін ішкі бағаларды ескере отырып, өздерінің депозиттік өнімдері бойынша басқа сыйақы мөлшерлемелерін белгілеуге құқылы», делінген хабарламада.
Ол ҚДКБҚ бекіткен шекті сыйақы мөлшерлемелерінен айтарлықтай ерекше болуы мүмкін.
Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктердегі халықтың депозитінде 1,7 трлн теңге жатыр. 2023 жылдың І тоқсанында жеке депозиттерде 231,8 млрд теңге көлемінде оң өсім бйқалған.
Қазақстанда банк депозиттерінің орташа сыйақы мөлшерлемесі 13,9%-ды құрайды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 10,6% болса, 2021 жылдың аяғында ол небәрі 8% болған.
Қор бұған дейін лицензиясынан айырылған банктегі депозит өтемақысы қалай есептелетінін түсіндірген.