Жаңалықтар

Украина Қазақстанның екі компаниясына санкция салды

Украина ввела санкции против бывшей дочки «Казахстан Инжиниринг»

Фото: kursiv.media

Украина президенті Владимир Зеленский 192 жеке тұлғаға және 291 заңды тұлғаға 5-10 жылға санкция қолдану туралы жарлыққа қол қойды. Санкция салынған компаниялар тізімінде екі қазақстандық компания бар. Біріншісі «ИТС-Астана» ЖШС болса, екіншісі «Қазақстан инжиниринг» әскери-өнеркәсіп кешенінің бұрынғы еншілес компаниясы – «Тыныс» АҚ.

Қаулы күшіне енді.

Заңды тұлғалар тізімінде Беларусь пен Грузияның компаниялары да бар. Атап айтқанда, Ресейге рейстерін қайта ашқан Georgian Airways әуекомпаниясы Киевтің санкциясына ұшырады.

«Тыныс» АҚ, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігінің мәліметі бойынша, авиациялық технология және машина жасау салалары бойынша жұмыс істейді.

«Тыныс» АҚ – Ақмола облысының ірі машина жасау кәсіпорны. Зауыттың негізгі қызметі – экспорттың үлесі жалпы өндіріс көлемінің шамамен 50 пайызын құрайтын авиациялық техниканың бөлшектері мен тораптарын шығару», делінген министрліктің сайтында.

«Тыныс» АҚ бұрын «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының меншігінде болған. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың мамыр айында «Қазақстан инжиниринг» «Тыныс» АҚ-ның 100% жай акцияларын Қазақстан Республикасының азаматы Әміржанов Жұмабай Қабенұлына сатқан.

«Тыныс» АҚ – азаматтық және қосарлы мақсаттағы өнімдерді шығаруда көп жылдық тәжірибесі бар, әртараптандырылған, дамып келе жатқан кәсіпорын. «Тыныс» АҚ әскери зауыт емес, негізгі қызметі азаматтық өнім шығаруға бағытталған», делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, компания медициналық техника, электр арбалары, полиэтилен құбырлары, өрт сөндіргіштер мен өрт сөндіру жабдықтары, геотекстильдер, арматура, авиациялық техникаға арналған тораптар мен агрегаттар, байланыс желілерінің бөліктері, қосалқы бөлшектер мен жүк вагонына арналған бөлшектер, электр бұйымдары, жеке қорғаныс құралдары және т.б. өнімдер шығарады.

Ашық деректерге сәйкес, «ИТС-Астана» ЖШС құрылтайшылары Гапотина Надежда Владимировна және Махнев Денис Владимирович. Компания дәнекерлеу жабдықтарын сатумен айналысады және ресейлік «ИТС-Урал» компаниясының дәнекерлеу жабдықтары зауыттар тобының ресми өкілі. Бұл ресейлік акционерлік қоғам қазақстандық компанияның үлесіне иелік етеді.

Жарлыққа сәйкес, активтер бұғатталып, сауда операциялары тоқтайды, компаниялар капиталын Украинадан тыс жерлерге шығаруға тыйым салынады, технологияларды, сондай-ақ зияткерлік меншік құқығы объектілеріне құқық беруге де тыйым салынады. Киев компания өнімдерін ел аумағы арқылы тасымалдауға, жекешелендіруге тыйым салып, компаниялардың лицензияларынан бас тартты. Украина тарапы бұл компаниялармен байланысты барлық экономикалық және қаржылық міндеттемелерін орындауды тоқтатады.

20 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЕуроОдақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтайтынын мәлімдеді.

«Сондай-ақ халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтаймыз. Ал екі мақсатта қолданылатын тауарлардың Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені, жаңа ғана айтқанымдай, біз ДСҰ ережесін және Еуропалық Одақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтаймыз», деді президент. 

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та Қазақстан билігі Ресеймен Батыстың санкциялық талаптарын бұзбай, негізгі сауда серіктесі ретінде жұмыс істеуді жалғастыратын жүйе құра алатыны мәлімдеді.

ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымова қайталама санкция салынбас үшін қазақстандық банктер бүкіл талаптарды орындап жатқанын айтқан.

Ал «Ақжол» партиясының депутаттары Ресейге салынған санкцияны бұзған қазақстандық банктер мен компаниялардың атын атап, түсін түстеу керек дейді. Сонымен қатар олар Әлихан Смайылов бастаған үкімет Ресей Федерациясымен сауда-саттықта халықаралық санкцияларды сақтауға қатысты қандай шара қабылдап жатқанын сұрады. 

Мамыр айының ортасында Сыртқы істер министрі –Премьер-Министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақ өкілдерімен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ олар Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсерін талқылаған еді

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қайталама санкцияға іліну қаупін болдырмау үшін Қазақстан тарапы мұндай тауарлардың тізімін жіті тексеретінін мәлімдеді.