Жаңалықтар

Маусымда Ұлттық қордан бюджетке 550 млн доллар трансферт бөлінді, теңге 1%-ға құнсызданды

Фото: kursiv.media

Ұлттық банк мәліметінше, маусым айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 452,26 теңгеге дейін 1%-ға құнсызданған. Реттеуші алдағы уақытта теңге динамикасына нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтардағы ахуал мен геосаяси жағдайдың өзгеруі әсер етеді дейді.

Қазақстан қор биржасындағы күндік орташа сауда-саттық көлемі бір айда 144 млн АҚШ долларынан 122 млн АҚШ долларына дейін төмендеген. Маусымдағы жапы сауда көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын құрады.

«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен ай ішінде шамамен 288 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында өз бетінше сатуды жалғастыруда. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін валюталық түсімді сатудың міндетті үлесі 50%-дан 30%-ға дейін төмендейді», делінген ҰБ таратқан хабарламада.

Маусым айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 550 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылған. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 21%-ын және күніне 29 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді көрсетті.

Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастыратынын мәлімдеді.

Бірінші несие бюросының жазуынша, осы аптада АҚШ доллары бірден 7 теңгеге қымбаттаған. Ұлттық банктің 30 маусымға белгілеген доллар бағамы – 454,13 теңге болды. Бұл 2023 жылдың 28 сәуірінен бергі ең жоғары көрсеткіш.

Бұған дейін ҰБ сауалнама жүргізген сарапшылар алдағы уақытта доллар қымбаттауы мүмкін деген болжам жасаған еді. Биыл доллар бағамы 459 теңге шамасында болса, 2024 жылы ол 477 теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал. Ал 2025 жылға бағам болжамын сарапшылар 510 теңгеден 500 теңгеге түсірген.