Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Алдағы екі-үш жылда елордада бюджет тапшылығы болады. Бұл жайлы Астана қаласының мәслихатында қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.
Әкімнің сөзінше, бюджеттің меншікті кірістері 56 млрд теңгеге ұлғайып, 696,4 млрд теңгеге жеткен.
«LRT құрылысын аяқтау үшін бізге 300 миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Кәріз мәселесі бөлек тақырып. Мен тіпті оларға кететін шығындар туралы айтқым келмейді. Жүздеген миллиард теңге қажет болады. Соған сай біздің жоспарымыз да үлкен. Оларға Президенттің ерекше назар аударуымен жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Бұл орайда 2024 жылға арналған бюджеттің көптеген мәселелері шешіледі деп сенем. Жалпы, алдағы екі-үш жыл күрделі болады деп күтілуде. Өйткені үкімет – ешкімге бюджет қоспау туралы ұстанымды қолдайды», деді әкім.
Ол сонымен бірге елорданың мәртебесі бөлектігін, сол себепті президенттің шаһарға қолдау көрсететінінен үмітті екенін айтты. Әкім қаладағы соңғы уақыттағы су тапшылығы мен су толтыру құрылысына қатысты Тоқаевтың сынына дайын болуы керек екеніне тоқталды. Осы мәселеге байланысты президенттің жазда елорданың бас жоспары мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне арналған үлкен жиын өткізетінін де айтты.
Астана әкімдігі әлеуметтік саланы қаржыландыруға 12,4 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Білім саласына қатысты жалақы қорына, балабақшалардағы жаңа орындарға, сондай-ақ мектептерді күрделі жөндеуді жалғастыруға – 7,9 млн теңге, әлеуметтік көмек көрсетуге – 2 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына – 256,4 миллион теңге көлемінде қосымша қаражат қарастырылған.
«Төтенше жағдайлар департаменттері мен ішкі істер органдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға қосымша 3,5 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Ал экономиканың нақты секторын, шағын және орта бизнесті қолдауға 6,7 млрд теңге бөлдік. Аулалар мен қала аумақтарын абаттандыруға, көгалдандыруға 22,6 млрд теңге қарастырылған», деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен бірге қала басшысы Астанадағы автобус парктеріне жыл сайын 30 млрд теңге жұмсалатынын, соған қарамастан, қалада автобустар тапшы екенін айтқан болатын.
Әкім биыл Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй аяқталып, 4 мыңға жуық үлескер отбасы көптен күткен пәтерлеріне кіре алатынын мәлімдеген.