Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін Қорғаныс министрлігі растады

Жарияланды
побег
Фото: shutterstock; instagram.com/pro.pravo.kz

Қорғаныс министрлігі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткенін растады.

Министрліктің хабарлауынша, 2023 жылдың 2 шілдесінде Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды) әскери қызметшінің сүйемелдеуімен әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта қашып кеткен.

«Әскери қызметшінің орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Аталмыш факті бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды», – делінген ресми ақпаратта.

Бұған дейін заңгер Анна Чернова депутаттың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлады.

«Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткені белгілі болды. Оған әскери бөлім басшысының бақылауында болсын деген бұлтартпау шарасы тағайындалған. Бірақ оны кешеден бері таба алмай жатыр. BMW көлігіне отырып, кетіп қалған», – деп жазды заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, 2023 жылдың 11 ақпанында Алматыда ерлі-зайыпты заңгер Олег Чернов пен Анна Димитриевичті ер адам ұрып соққан. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Содан кейін ұрған адамның Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз